Алматы: Көлік инфрақұрылымын қалай дамытуға болады?
Елімізде қанша көлік бар? Мәселен, 2022 жылғы маусымда Қазақстан Республикасында 95801 жеңіл автомобиль есепке қойылыпты. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға аз.
Ал осы жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3 907,2 мың бірлікті құрады. Шығарылған жылы бойынша жеңіл автомобильдер автопаркінде 20 жыл бұрын шығарылған автомобильдер басым – 48,9 пайыз, ең аз үлес жасы 3-тен 7 жасқа дейінгі көліктерге келеді – 6,8 пайыз.
Жеңіл автомобильдердің басым бөлігі Алматы облысында – 501,5 мың бірлік, Алматы қаласында – 463,7 мың бірлік және Нұр-Сұлтан қаласында – 285,4 мың, жеңіл көліктің ең азы – Қызылорда облысында 97,3 мың бірлік. Көрсеткіштен аңғарғанымыздай, екінші орында Алматы қаласы тұр. Демек, көлік инфрақұрылымын дамытпай, қаладағы кептеліс мәселесін шешу қиын.
Осы түйткілге байланысты қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, көлік компаниялары мен ғылыми мекемелер өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңес барысында осы жылға арналған жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жоспарын орындау жөніндегі есеп тыңдалды. Жоспарға жолайрықтарын салу, көшелерді ұзарту, шағын аудандарда жол салу, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және т.б мәселелер кіреді.

Айта кету керек, Алматының көше-жол желісінің ұзындығы 3 097 шақырымды құрайды, оның 234 шақырымында қатқыл жабын жоқ. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесінің көрсеткішін 2025 жылға қарай 95 пайызға дейін жақсарту қажет. Жыл сайын 70 шақырым жаңа жол салу, ұзындығы кемінде 200 шақырым жолды орташа және 350 мың шаршы метрден астам асфальтбетон жабынын жөндеумен қамту қажеттігі айтылды.
Қазіргі уақытта қалада үш жолайрығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін Бұқтырма көшесі, Құлжа трактісі, Саин-Мөңке би және Сейфуллин-Жансүгіров көшелері бойындағы жолайрығының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Кеңес барысында үш көшені ұзарту бойынша жұмыстың қалай өрбіп жатқаны талқыланды. Саин көшесін ұзартуі келесі жылы, Төле би көшесін ұзарту жер учаскелерін сатып алу және қайтарып алу мерзімдеріне байланысты 2024 жылы аяқтау көзделген. Кездесу кезінде жалпы ұзындығы 9,3 шақырым болатын Рысқұлов даңғылы, Жұбанов, Қажымұқан көшелері мен Абай даңғылын жалғайтын төрт жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу барысы туралы баяндалды.
Мұнымен қоса, Алғабас, Әлмерек, Қайрат және Ақжар сияқты төрт шағын ауданда жол салу жұмыстарының нәтижесі айтылды. Үш шағын ауданда (Шаңырақ-1, Шұғыла және Шапағат) атқарылатын жұмыстар кезекте тұр.
Биыл барлығы 70 шақырым жаңа жолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жол жұмыстары энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен келісе отырып, инженерлік желілер құрылысының аяқталуына қарай орындалатын болады. Орташа жөндеу жұмыстары аясында ұзындығы 219 шақырым 221 көшеде, оның ішінде қаланың 18 магистралды көшесінде жұмыс қызу. Бүгінде 87 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жолдардың сапасына кері әсер ететін негізгі проблемалық мәселелер апатты қазу фактілері, коммуналдық қызметтер мен жеке құрылыс салушылардың желілерді тарту бойынша жоспарлы жұмыстар болды. Қала әкімі жұмыс тиімділігі мен сапасын арттыру үшін қала аудандары басқармалары мен әкімдіктерінің іс-қимылын үйлестіруді тапсырды.

Жиын барысында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының қызмет көрсетуі және жөндеу, жол белгілерін салу және жаңарту жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жыл басынан бері 1712 жаңа жол белгілері орнатылып, 52 бағдаршам нысаны іске қосылды, 184 мың шаршы метр жол белгілері жасалды, 1200 метр жол қоршауы орнатылды.
Алматы әкімі Е. Досаев қалалық мобильділік басқармасына жөнделген учаскелердегі таңбалардың сапасына назар аудару керектігін айтты. Қала басшысына жаңа технологиялар мен материалдарды қолдану, соның ішінде люктердің жаңа түрлерін, мастикалық лентаны, полимерлі негіздегі асфальтбетон қоспасын және т.б. пайдалану жөніндегі эксперименттік жұмыстардың алдын ала жасалған қорытындылары ұсынылды.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жолдарды салу және жөндеу кезінде жаңа материалдарды қолдануды қарастыруға тапсырма берді. Метроның екі станциясының пайдалануға берілуіне байланысты бағыт желісін өзгерту жоспарланған. Оның ішінде жыл соңына дейін жақын арада жаңа төрт бағыттың ашылуы және ағымдағы 9 бағытты түзету күтілуде. Қала басшысы қоғамдық көлік жүргізушілері үшін автобустарға арналған бұрылу-өту алаңдарын жақсартуға ерекше назар аударуды жүктеді. Сондай-ақ, көлік әрі жолаушыларды отырғызу тораптарын, автобус парктерін, автомобильдік газ толтыру компрессорлық станцияларын (АГТКС) және т. б. салу мәселелері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жолайрықтары мен өтпелі жолдарды салу үшін жер учаскелерін сатып алуды жеделдетуді, жол белгілері мен бағдаршамдардың нашар көрінуіне байланысты ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ ағымдағы жылға жоспарланған барлық жұмыстарды кестеге сәйкес орындауды тапсырды.