2 Сәуір 15:32
...

Алматы қандай жағдайда жабылуы мүмкін?

Фото:

Кеше Президент Тоқаев коронавирус індетінің қайта өршуіне байланысты жиын өткізіп, қолға алған шаралардың көңілінен шықпай отырғанын қадап айтты. Тіпті, Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың жұмысын сынап, бірқатар тапсырма жүктеген еді.

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары «қызыл» аймақта, «сары» аймақта Шымкент қаласы және Ақмола, Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған барлық өңір – «жасыл» аймақта.

Бүгін «қызыл» аймақтағы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді.

Эпидемиологиялық жағдай мәз емес

 Алматыда осы айда қалада ұлыбританиялық және оңтүстікафрикалық штамдар пайда болды. Салдарынан күнделікті вирус жұқтырғандар саны артты. Жалпы айтқанда Алматыда індет басталғалы 35 193 жұқтыру дерегі тіркелді. Оның ішінде 24 012-сінде ауру белгілері бар.

Бүгін инфекцияның 595 жағдайы тіркелді, оның ішінде ауру белгілері бар – 497, белгілері жоқ – 98. Жаңа штамдарда симптомы бар науқастар көбірек кездесуде.

Алматы қаласының әкімінің айтуынша, стационарларда 2945 адам бар, 52-сінің жағдайы өте ауыр, 531-інде ауыр және 2362-сінде орташа ауыр. 1 сәуірде 233 науқас шығарылды, 339 науқас түсті.

 «Қалада коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделене түсуде. Өткен айдың басынан бастап індеттің үшінші толқыны басталды. Оған себеп мутацияланған штамдардың пайда болуы. Мегаполис зертханаларында 113 сынаманың мутация ықтималдығына зерттеулер жүргізілді. 63 сынамада мутацияның жоғары ықтималдығы анықталды, ол қала бойынша орта есеппен 56 пайызды құрады. 113 сынаманың 31-інен британдық штамм анықталды. Сондықтан қалада қатаң шектеу шаралары енгізілді. Сонымен қатар, мутацияланған штамдарда қысқа инкубация кезеңі байқалады. Сол үшін ол барлық топтағы адамдарға, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балаларға да қауіп төндіреді. Қазіргі басты міндет – коронавирустың жаңа толқынын тоқтату»,  – деді Бақытжан Сағынтаев.

Екпе мемлекет есебінен тегін салынады

Сұрақтың дені екпеге қатысты қойылды. Әкімнің айтуынша, наурызда мұғалімдер, медицина және полиция қызметкерлері екпе салдырды. «Қазір екпені 55 емханада алуға болады. Алғашқы күндері 2 мыңдай адам алады. Егер айына 250 мың доза алсақ, бір күнде 8-9 мың адамға салдыруға болады. Жұмыс өте ауыр. Бұл үлкен ұйымдастырушылықты талап етеді» деді.

 «Екпе салу тегін. Қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Қазір біздің қолымызда ресейлік «Спутник V» вакцинасы бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізге қытайлық «SinoVac» вакцинасы жеткізіледі. Былтыр желтоқсанда қосымша екі мыңнан аса ерікті QazVac отандық вакцинасымен егілді. Сәуірдің соңына дейін алты мыңға жуық доза әкеледі деген үміттеміз. Сол жағдайда ғана халық қандай вакцина салдыратынын таңдай алады», – деп жауап берді Сағынтаев.

Сондай-ақ, журналистер екпе салдырудың жағымсыз салдары туралы да сұрады.

«Халық арасында әртүрлі қауесет таралып жүр. Бірақ бәріміз көріп-біліп отырмыз. Бір жыл өтсе де коронавирусты жеңген жоқпыз. Бұған дейін бірнеше рет локдаун мен карантин енгізіп, қаланы жауып тастадық. Енді «ұлыбританиялық» және «Оңтүстік Африка» штамдары пайда болды. Мутация одан әрі жалғасуы мүмкін. Мүмкін келесі жылы немесе болашақта басқа мутация анықталуы мүмкін. Олар инфекцияның статистикасын одан әрі көбейтеді. Сондықтан коронавирус бізбен өмір бойына қалатын сияқты. Одан қорғану үшін бізге вакцина керек. Қазіргі уақытта басқа шешімі жоқ. Мұны барлық маман айтып жатыр. Біз ғана емес, әлемнің ірі державалары да бұл мәселені вакцинамен шешуді ұйғарды. Егер біз бұрынғы өмірімізге қайта оралғымыз келсе, онда қорықпай, кез келген қауесетке сенбей, вакцина салдырғанымыз дұрыс»,  –  деп түйіндеді Сағынтаев.

Бұған дейін Алматы әкімі қалаға коронавирус инфекциясына қарсы 21 850 вакцина жеткізілгенін хабарлады. Ол сәуірден мамырға дейін Алматыға қосымша шамамен 750 мың доза жеткізілетінін айтты. 

Алматы қандай жағдайда жабылуы мүмкін? 

 Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев блокбекеттер орнату және қаланы карантинге жабу туралы сұрақтарға жауап берді. «Денсаулық сақтау жүйесі қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта қаланы толығымен жабу мәселесі көтерілген жоқ.

Оған қатысты алдын ала ақпарат береміз. Таңертең тұрсақ, қала жабық деген болмайды. Егер денсаулық сақтау жүйесінің күші жетпей жатса және инфекцияның таралу көрсеткіші нормадан асып кетсе және басқарылмайтын болса, қосымша шешім қабылдау қажет болады. Әзірге қаланы жабудың қажеттілігі жоқ», – деді әкім.

 Сағынтаевтың айтуынша, былтыр құрылған дәрі-дәрмек қорына 10 млрд теңге бөлінген. «Оның 5 млрд дәріханаға, 5 млрд теңгесі стационарға делінді. Кейін «СҚ-Фармацияның» жұмысы дұрыс жолға қойылып, олар біздің стационардың барлығын толықтай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін болды. Сондықтан стационарға деп бөлген 5 млрд теңгені қайта алдық. Қазір бұл қорды дәріханалардағы дәрілердің мөлшерін қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін ұстап отырмыз. Қор аясында 48 млн дана дәрі алынды. Оның жартысы сатылды. Қазір 8 млн дәріден түсірмей ұстап отырмыз» деді әкім.  

Тегтер: