7 Қараша 18:11
...

Алматы: Екі ауданда мектеп пен балабақша жетіспейді

Фото:

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың кезекті кездесуі Әуезов ауданы тұрғындарымен өтті. Мұнда да сол күн тәртібіндегі өзекті мәселе – ауыз су, жол, мектеп пен балабақша жетіспеушілігі сөз болды. Сондай-ақ, ауданның дамуы жөнінде аз-кем мәлімет айтылып, әрі қарай жұртшылықтың сауалдарына жалғасты.

Инфрақұрылымды жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе

250-ден астам адам қатысқан кездесу коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесінен басталды. Ауданда осы жылдың сәуір айынан бері  жалпы ұзындығы 75,8 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы жобаланып, бекітілген. Мұның құрылыс жұмысы 2023 жылдың 2 тоқсанында басталып, 2024 жылдың соңына қарай аяқталады деп күтіліп отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ауданда 11 мыңнан астам абонементті сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, аудандағы жолдардың пайдалану сипаттамаларын жақсарту үшін жалпы ұзындығы 24,5 шақырым болатын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «2022 жылдың қараша айының соңына дейін Саин (4,7 шақырым) және Навои (1,8 шақырым) көшелерінде жолдарды орташа жөндеу жұмысы аяқталады», – деді қала әкімі.

Айтпақшы, бұл ауданда да жауын-шаныннан кейін жүріп-тұру мүмкін болмай қалады. Шаһар әкімі мұны да ұмытқан жоқ. Төтенше жағдай желісі бойынша 4 учаскені жою жұмыстарына қызу кіріскен мамандар (диаметрі 1 метр Райымбек даңғылы – Момышұлы көшесі және Яссауи көшесіне өту жолымен) жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Тағы бір мәселе – аулада ұрлық-қарлыққа жол бермеу, құқық бұзушылықтың алдын алу. Бүгінде ауданда 168 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Бейнемониторинг жүйелерінің желісін кеңейту үшін қазан айында адамдар көп жиналатын жерлерде және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында қосымша 359 камера орнату басталды. Барлық камералар 2022 жылдың соңына дейін орнатылады.

Екі мемлекеттік балабақша, дәрігерлік амбулатория салынып жатыр

Алматы қаласының халқы тығыз қоныстанған Әуезов ауданында мектеп пен балабақша мәселесі түпкілікті шешімін таппай отыр. Еске сала кетсек, оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 1 қыркүйекке таман 725 орындық №117 және 132 мектептерге 2 қосымша  нысандар пайдалануға берілген еді. Бұдан өзге 400 орындық «Достық» жекеменшік мектебі ашылғаны тағы бар. Бүгінде 4 мектепте, атап айтқанда №122, 127, 141, БИЛ мектептерінде сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстың аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 4 тоқсаны.

Мектепке дейінгі мекемелерде  орын тапшылығын қысқарту мақсатында биыл 348 орындық 6 жекеменшік балабақша ашылды. Ауданда 280 орындық екі мемлекеттік балабақша салынып жатыр.  Алтын бесік шағын ауданында салынатын 120 орындық балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланса, ал екінші нысан бойынша ЖСҚ әзірлеу жұмысы келесі жылы басталады.

 Медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Мамыр-1 шағын ауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып кетті.  2023 жылдың I тоқсанында пайдалануға берілетін бұл нысанды жергілікті аудан халқы асыға күтуде десек қаталеспейміз.

Сондай-ақ, Қуаныш шағын  ауданынан 300 адам қабылдайтын №18 емхананың  негізгі ғимаратының құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы тұрғыда қала әкімі Ерболат Досаев «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының іске асырылу барысын айта келе, биыл ауданда 23 жоба аяқталатынын тілге тиек етті. Соның ішінде 17 қоғамдық кеңістік, 4 шағын жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып, 2 автоматты суару жүйесі орнатылды. Мұнымен қоса, тұрғындар жол жөндеу, кәріз және электр желілерін абаттандыру мәселелері бойынша сауал қойып, тікелей әкімнің өзінен жауап алды.  

Алатау ауданы: Жыл соңына дейін 2 мектеп ашылады 

    Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде тамыз айында Ақбұлақ шағын ауданында ұзындығы 29 шақырым орталық желілер іске қосылғанын және бұл 1,5 мың жеке үйді ауыз сумен және кәрізбен қамтуға мүмкіндік бергенін тілге тиек етті.

Жыл соңына дейін «Өжет», «Самғау», «Шапағат». шағын аудандарындағы желілер аяқталып, 2023 жылдың сәуір айында Теректі, Болашақ, Түркістан және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында 239 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы басталмақ. Мұның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың желтоқсан айы.  Нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымға 5 мыңнан астам үйлер қосылады.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, аудандағы жолдардың пайдалану сипаттамаларын жақсарту үшін жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын 53 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Рысқұлов, Райымбек даңғылдары, Жаңа Саин, Өтемісұлы көшелері, сондай-ақ   Дархан, Саялы, Ұлжан, Өжет, Көк-Қайнар шағын ауданы бойынша жұмыстар аяқталды.

Жыл соңына дейін Алғабас және Ақбұлақ шағын аудандарындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары аяқталады. Ауданда жауын-шашын кезінде су басу мәселесі өзекті. Осы мәселені шешу үшін ағымдағы жылы тұрақты су басудың 7 учаскесінде арықтарды салу және реконструкциялау бойынша жобалар аяқталды. 3 коллектор қалпына келтіріліп, ұзындығы 955 метр арық желісі салынды.

Жыл соңына дейін тағы 11 су басу учаскесінде жұмыстар аяқталады. Биыл көктемде автобус паркін жаңарту үшін әкімдік 450 жаңа автобус сатып алды, оның 92-сі Алатау ауданына берілді. Осылайша, ауданның автобус паркі толығымен жаңартылды.  

Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 1 қыркүйекте 4800 орындық 3 жаңа мектеп ашылды. Бұл Алматы қаласындағы жалғыз үш ауысымды мектеп мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік берді. 3000 орындық тағы 2 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Саялы-2, Зерделі және Самғау шағын аудандарында 2600 орындық 3 жаңа мектеп салу жұмыстары жүргізілуде.Мектепке дейінгі ұйымдардағы тапшылықты қысқарту мақсатында ағымдағы жылдың тамыз айында  Саялы шағын ауданында 160 орындық балабақша құрылысы басталды. Саялы. Құрылысты аяқтау 2023 жылдың наурызына жоспарланған.

Алатау ауданының тұрғындары үшін спорттық нысандармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл наурыз айында жеке инвестордың қаражаты есебінен ашылған үстел теннисі орталығына қазір күн сайын 50 бала келеді. Зерделі шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, ал Нұркент шағын ауданында теннис кортының құрылыстары қосымша жүргізілуде. Бұл спорт кешендері 2023 жылдың желтоқсанында ашылатын болады. 2023 жылғы маусымға дейін Саялы, Қарасу шағын аудандарында медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін күніне 200 адам келетін екі дәрігерлік амбулатория салынады.

Айта кету керек, «Халықтың бюджетке қатысуы»  бағдарламасын іске асыру бойынша биыл ауданда 24 жоба аяқталды. Бұл – 12 футбол, 7 баскетбол, 6 волейбол алаңы, балалар алаңы және workout алаңдары. Бүгінгі таңда 18 жоба, атап айтқанда 6 сквер және 12 балалар және workout алаңдары бойынша жұмыстар жүргізілуде.   

Тегтер: