Алматы: 511 автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
Алматыда 511 автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.
Алматы, NEGE. Алматы қаласында 21-23 қазан аралығында «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өткізіліп жатыр.
Қазір полиция автокөліктік кәсіпорындары мен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлердің, азаматтарды тасымалдау қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруде. Қаладағы автобустардың техникалық жағдайына және балаларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жол ережелерін сақтауына ерекше назар аударылады.
Рейдке 1694 полиция қызметкері жұмылдырылған. Оның 1448-і – патрульдік полиция қызметкері, 210 – учаскелік полиция инспекторы, 36 – ішкі істер органдарының басқа бөлімдерінің қызметкері. Осы уақытқа дейін барлығы 511 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған 56 жүргізуші, еңбек және демалыс режимін бұзған – үш, көлігін тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаған – 31, сапар алдындағы тексеруден және медициналық тексеруден өтпеген – 22, мемлекеттік немесе міндетті тексеруден өтпеген – 27, көлік жүргізу барысында ұялы телефонды пайдаланған – 189, маневр жасау ережелерін бұзған – 175, қарсы жолаққа шығып кеткен – 4, көлікті мас күйінде басқарған – 1, міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзған 5 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
«Айыппұл тұрағына 20 автобус қойылды, 26 мемлекеттік нөмір шешіп алынды, рұқсат етілмеген 9 тұрақ жабылды, 6 автобус паркінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 49 автобустың жылу, электр жабдықтарының сәйкестігі тексерілді. Сонымен қатар, заңсыз қосымша жабдықталған автобустардың, сондай-ақ техникалық жағдайы мен құрылымы белгіленген жол қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін автобустар мен таксилердің жұмысына тыйым салу бойынша шаралар қабылданады», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Мәлім етілгендей, заңсыз мигранттар мен тасымалдаушыларды анықтау мақсатында көші-қон полициясы транзиттік көліктерді тексеретін болады.