21 Қыркүйек 13:40
...

Алматы: 2030 жылға қарай 5 полиорталық құрылады

Фото:

Алматыда бір орталықтың орнына «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық» сияқты бес орталық пайда болады. Қала халқының басым бөлігі осында тұрады деп болжануда.

Бұл туралы «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтар» құжатында айтылған. Полиорталықтарды дамытудың негізі ретінде тарихи орталық алынады, өйткені ол қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен туристер үшін тартымды. Мысалы, «Солтүстік» полиорталығы – жоба бойынша Алматы-1 теміржол станциясына іргелес аумақта орналасатын болады. Өндіріс пен базарларды осы аймақтан алып тастау ұсынылады. Бұл ретте аумақтардың бір бөлігі рекреация мен көгалдандыру (ҮАК бойы, Баум тоғайы) үшін пайдаланылатын болады. Бұдан басқа, полиорталықта қызмет көрсету саласы белсенді дамиды. «Шығыс қақапасы» полиорталығы Талғар және Құлжа трактілері аумағында  құрылады әрі әуежай ауданындағы логистикалық хаб пен көрме-ойын-сауық орнына айналады. «Батыс» политорталығын Саин және Рысқұлов даңғылдарының қиылысынан солтүстік-батысқа қарай дамыту жоспарланған. Оның аумағында индустриялық кәсіпорындар, көлік-логистикалық хаб орналасады. 

«Оңтүстік-батыс» полиорталығы Райымбек даңғылы мен ұзаратын Алатау көшесінің қиылысында орналасады. Бұл жерде шағын-өнеркәсіптік парктер, сауда және логистика объектілерін орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіптік өңдеу объектілерімен, сауда-логистикалық кешендермен және әкімшілік-іскерлік орталықтармен толықтырылатын болады.  «Тарихи орталық» Алматының өзегі болып қала береді. Мұнда инфрақұрылым, қызмет көрсету саласы және туристік бағыттар одан әрі дамитын болады. Елді мекендердің теңгерімді және тиімді тығыздығын және ауданды қоғамдық, коммерциялық және басқа объектілермен толтыруды ескере отырып, полиорталықтарды дамыту экономикалық белсенділіктің өсуіне және көшелердің әлеуметтенуіне ықпал етеді. Бұл ретте барлық аудандар ықпалдастық пен көшелер желісінің байланысы есебінен бір-бірінен және тарихи орталықтан оқшауланбайды. Керісінше, қала тұрғындары қаланың кез-келген жеріне оңай бара алады. Мұндай қозғалыстардың дәліздері тасымалдау, сауда, мәдени демалыс, ойын-сауық және т.б. салалардағы бизнес үшін тартымды болуы мүмкін. Экономикалық мамандандыруды ескере отырып, полиорталықтар құрылымын қалыптастыруды 2030 жылға қарай аяқтау жоспарлануда.

2025 жылға дейін 17 медициналық мекеме салынады

       «Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы – қаланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі», – деп есептейді Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев.  

«Қаламызда жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөледі, халыққа медициналық көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, емханалар мен ауруханалар заманауи медициналық және технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы жүріп жатыр және сейсмотұрақтылықты күшейту жұмыстары жүргізілуде», – деді Ұ. Оңалбаев.

Бұл балалар жедел медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусының, Кемел және Мамыр шағын аудандарында 200 орынды отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы. Сонымен қатар, биыл Нұршашқан, Қарасу, Саялы шағын аудандары мен Айбасов көшесінде орналасқан отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталады.

Тамыз айында Айнабұлақ шағын ауданындағы №11 қалалық аурухана ғимаратының сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары аяқталды. Биыл 80 мың төсек-орынды №7 Қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлмесі пайдалануға берілді.

Айта кету керек, полиорталықтарда медициналық қызметтердің қолжетімділігін жаңа салынып жатқан тұрғын үйлер мен кешендерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін орналастыру кезінде іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде медициналық қызметтер жаңа аудандардың 120 мыңнан астам тұрғындары үшін қолжетімді болады.

Бұл туралы «Алматыны 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтарда» айтылған. Бұдан басқа, 2025 жылдың соңына дейін бюджет есебінен Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында 170-190 мың қала тұрғынына қызмет көрсететін кемінде 17 отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар мен толыққанды емханалар салынатын болады. Бюджет есебінен 2025 жылдың соңына дейін 10 мың орындық балабақша салынады. Құрылыс салушылармен жасалған меморандум бойынша 2025 жылдың соңына дейін 10 мың орынға арналған балабақшалар салу қарастырылған,2030 жылға қарай балабақшаларда тағы 5 мың орын пайда болады.  

2025 жылға дейін 70-тен астам мектеп бой көтереді

       2025 жылдың соңына дейін қалада 71 мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде қалалық бюджет есебінен – 23 мектеп және қосалқы нысандар, ал қалғандары – жеке қаражат есебінен, оның ішінде құрылыс салушылармен жасалған меморандумдар аясында 16 мектеп және қосалқы нысандар салу. Бұл туралы «Алматыны 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтарда» айтылған.

Бұдан басқа, 2025 жылдың соңына дейін Алатау, Бостандық, Наурызбай және Түрксіб аудандарында қосымша білім беруді дамыту бойынша 4 заманауи орталық құрылатын болады. Әлеуметтік нысандар салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарына орналастырылады. Ғимараттарды аралас пайдалану 2024 жылдан бастап  Солтүстік және Шығыс қақпасы полиорталықтарында алғашқы тұрғын үй кешендерінің тапсырылуымен сыналатын болады. Осылайша,полиорталықтар алаңында қажетті инфрақұрылымы мен функциялар бар қызметтер жиынтығы нәтижесінде қауіпсіз тату көршілер ортасы қалыптасатын болады.

Тегтер: