USD
USD
USD

Алматы тау кластері: Қазақстан туризмінің болашағы қандай?

Соңғы жылдары Алматының таулы аймақтары тек демалыс орны ғана емес, елдің туристік әлеуетін арттыратын маңызды бағыттардың біріне айналып келеді.

 Kazakh Tourism Development
Фото: Kazakh Tourism Development

Мемлекет пен шетелдік сарапшылар Алматыны Орталық Азиядағы ірі тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруды көздейді. Жоба туристік инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейді. Онда табиғатты қорғау, баршаға қолжетімді орта қалыптастыру және қала экономикасына серпін беру мәселелері де қамтылған.

Алматы тау кластерін дамытуға ұсынылған жобалардың негізгі бағыттары мен ел үшін маңызына тоқталайық.

Болашақтың биігі: жаңа бастама

Жобаның негізгі мақсаты – Алматыны Орталық Азиядағы ең ірі әрі жыл бойы жұмыс істейтін тау курорттарының біріне айналдыру.

Үш негізгі аймақ: Шығыс, Орталық және Батыс

Кешенді жоспар бойынша Шығыс, Орталық және Батыс аймақтарда халықаралық талаптарға сай инфрақұрылым салу көзделген. Шаңғы трассаларының жалпы ұзындығын 300–700 шақырымға дейін жеткізу ұсынылып отыр.

Тек Орталық аймақтың өзінде көтергіштер санын 16-дан 58-ге дейін көбейту жоспарланған. Соның арқасында тәулігіне қызмет көрсетілетін адам санын 6 мыңнан 34 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Almaty SuperSki

PGI Management президенті Жоан Виладомат пен жоба жетекшісі Томас Тор Йенсен таныстырған Almaty SuperSki тұжырымдамасы да осы кластердің маңызды бөлігі саналады.

Құмбел шыңы мен Көк-Жайлау шатқалын қамтитын жаңа курортта 65 шақырымнан астам трасса салу ұсынылған. Оның жартысынан көбі шаңғы тебуді жаңадан үйреніп жүргендерге арналмақ. Бұл бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Табиғатты қорғау және қолжетімді орта

Жоба авторлары табиғи ландшафт пен экожүйені барынша сақтауға басымдық беріп отыр. Қазу жұмыстарының көлемін азайтып, көтергіштер мен трассаларды табиғатқа түсетін салмақты ескере отырып салу жоспарланған.

Сонымен қатар инфрақұрылымды мүгедектігі бар адамдардың қажетіне бейімдеу көзделген. Бұл тау туризмін тұрғындардың әртүрлі тобына қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе: Франция, АҚШ және Андорра

Жобаны әзірлеуге шетелдік компаниялар да қатысып жатыр. Horwath HTL, Stem International және PGI Management секілді компаниялар тау туризмін дамытудағы тәжірибесін ұсынып, жобаның ұзақ мерзімді бағытын айқындауға атсалысуда.

Жазғы туризмге де көңіл бөлінбек. Велосипед бағыттарын, глэмпингтерді, этноқонақүйлерді және басқа да демалыс орындарын дамыту ұсынылған. Бұл тау кластерінің тек қыс мезгілінде емес, жыл бойы жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Көк-Жайлау жобасы қайта жандана ма?

Бұған дейін тоқтатылған Көк-Жайлау жобасы тағы да сарапшылар назарында. Ұлттық шаңғы қауымдастығының өкілі Асқар Уәлиев бұл аумақты дамытатын уақыт келгенін айтқан.

Жаңа жобада Көк-Жайлауды игеру кезінде бұрынғыдан өзгеше тәсілдер мен экологиялық талаптарды ескеру ұсынылады.

Инфрақұрылымды мемлекет дамытады

Сарапшылардың есебінше, тау инфрақұрылымына салынған әрбір 1 доллар кейін 2 доллар көлемінде жеке инвестиция тартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Туризм экономиканы әртараптандыруға қалай көмектеседі?

Бүгінде туризм Алматының өңірлік жалпы өнімінің 3,9%-ын құрайды. 2024 жылы қала 2,3 млн турист қабылдаған. Туризм саласынан түсетін салық көлемі де екі есе өскен.

Бұл көрсеткіштер туризмнің қала экономикасындағы рөлі артып келе жатқанын көрсетеді. Тау кластерін дамыту осы бағыттағы кірісті көбейтіп, экономиканың жаңа салаларына серпін беруі мүмкін.

Медеуден жаңа көпірге дейін

Медеу аумағында ECO Park тұжырымдамасы ұсынылған. Мұнда отбасылық және белсенді демалысқа арналған ландшафтық саябақ салу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге Горельник келушілер орталығы іске қосылып, Jumbaq Jol жаяу жүргіншілер бағыты ашылған. Қазір тәулігіне 10 мың адам өткізе алатын аспалы көпірдің құрылысы жүріп жатыр.

Тәуелсіз сарапшылар не дейді?

Қазақстандағы тау туризмі қазір негізінен Шымбұлаққа тәуелді. Қысқы маусымда мұнда адам көп жиналып, көлік кептелісі, тұрақ тапшылығы және бағаның өсуі секілді мәселелер туындайды.

Сарапшылардың пікірінше, тау туризмін дамыту үшін Тұрген, Қаскелең, Oi-Qaragai сияқты басқа бағыттарды да қатар дамыту қажет. Алайда ол үшін жол, инженерлік инфрақұрылым және қызмет көрсету сапасын жақсарту керек.

Орталық Азия мен оған жақын елдер де тау туризмін белсенді дамытып жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін жаңа инфрақұрылым салумен қатар, инвестиция тарту, заңнаманы жетілдіру, жергілікті қоғамның мүддесін ескеру және табиғатты қорғау маңызды.

Осы талаптар қатар орындалғанда ғана Қазақстан тау туризмінде бәсекеге қабілетті әрі тұрақты нарық қалыптастыра алады.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Жеңіс Қасымбекті тағы да мақтады

.

Пойыз билеттері 30%-ға дейін арзандайды

Жолаушылар пойызы

«Бай-бағландар да, биліктегілер де келеді»: уролог ерлерге арналған операциялар туралы айтты

Decaf

ЭКСЖ: 67 жоба бойынша құрылыс жұмыстары әлі басталмаған

ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің отырысы