Алматы полициясы ірі сауда орталықтарын тексеріп жатыр
Алматы полициясы терроризмге қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтуді еске салды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийдің аяқталуын ескере отырып, террористік тұрғыдан осал объектілердің, оның ішінде ірі сауда орталықтарының, ғибадат орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарының терроризмге қарсы қауіпсіздігінің жай-күйіне жоспарлы тексеру жүргізілді.
– Полицияның тиісті бөлімшелері терроризмге осал нысандарды, терроризмге қарсы қорғауды бақылауды ұйымдастыру бағытында тұрақты жұмыс жасап, олардың басшылары мен иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Терроризмге осал нысандардың инженерлік-техникалық беріктігі мен терроризмге қарсы қорғанысының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеретін арнайы жұмыс топтары құрылды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Жақында полиция қызметкерлері “Mega Park” сауда орталығын тексерді. Атап айтқанда, орталықтың бейнебақылау жүйелері, төтенше жағдайларға әрекет ету механизмі және дабыл түймелері тексеріс нысаны болды.
– ТҚЕ мекемесінің әрбір қызметкері террористік қауіп төнген жағдайда әрекет ету алгоритмін білуі керек. Мысалы, күдікті зат анықталса, оны ұстауға, жылжытуға, кез келген нәрсемен жабуға және басқа да әрекеттер жасауға қатаң тыйым салынады. Бұл жағдайда сізге тиісті қалалық қызметтерді ескерту керек. Сауда нысандарының директорларына ТҚЕ объектілерін терроризмге қарсы қорғау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді, – деді Науатов.