12 Желтоқсан 17:34
...

Алматы полицейлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті

gov.kz
Фото: gov.kz

Мереке қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында Алматы полициясы күшейтілген қызмет тәртібіне көшті.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, Алматыда қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров жеке құрамға басты міндеттерді айқындап берді: қоғамдық тәртіпті сақтау, алдын алу шараларын күшейту және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету. 

Әсіресе халық көп шоғырланатын орындарды патрульдеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ альтернативті көліктерді пайдалану кезінде ережелердің сақталуын бақылау бағыттарына ерекше назар аударылды.

«Біз мереке күндері тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызметті күшейтілген тәртіпте атқаруға көштік. Полицияның негізгі мақсаты – заң мен тәртіп. Әрбір қызметкер өз міндетін жауапкершілікпен, мұқият әрі принципшіл түрде орындауға тиіс. Құқықбұзушылықтар дер кезінде анықталып, жолы кесіледі», – деді Арыстанғани Заппаров.

Полицейлер тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, абай болуға және кез келген құқықбұзушылық немесе күдікті жағдай туралы дереу хабарлауға шақырады.