Алматы полицейлері қызметтік көлікте жүкті әйелді босандырып алды

Алматыда ерекше жағдай болды – патрульдік полиция қызметкерлері перзентханаға жете алмаған жүкті әйелге тікелей қызметтік көліктің ішінде босануға көмектесті.
Алматы, NEGE. Кезекшілік барысында полиция қызметкерлеріне әйел адам жүгініп, көршісінің жағдайының күрт нашарлағанын жеткізген. Анықталғандай, әйел жүктіліктің соңғы кезеңінде болған. Жедел жәрдемді күтпей, патрульдік полицейлер оны қызметтік көлікке отырғызып, ең жақын перзентханаға қарай жылдам бет алған. Алайда жолда әйелдің толғағы басталып, жағдай шұғыл әрекетті талап етті.
Тәжірибеге сүйене отырып, полицейлер дереу шешім қабылдап, өз беттерінше көмек көрсетуге кіріскен. Нәтижесінде, қызметтік көліктің ішінде дүниеге ұл бала келді. Артынша ана мен сәби жедел келген дәрігерлерге табысталды.
«Жақын маңдағы ауруханаға жетеміз деп ойладық. Бірақ босану жолда басталып кетті. Әрине, қобалжыдық, дегенмен дүрбелеңге бой алдырмауға тырыстық. Анаға қолдау көрсетіп, сабыр сақтауына көмектестік. Мұндай сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес», – дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторы Данияр Сағынбаев.
«Біз дәрігер емеспіз, бірақ сол сәтте көмектесуіміз керек екенін анық түсіндік. Барлығы көз ілеспес жылдамдықпен өтті. Әйел де ерлік танытты. Осындай оқиғаларда полиция қызметінің мәні тек тәртіп сақтаумен шектелмейтінін, адам өмірі үшін жауапкершілік те жүктейтінін сезінесің», – деп қосты полиция қызметкері Бекжан Әлкен.
Соңғы мәліметтер бойынша, ана мен баланың жағдайы жақсы. Жақын күндері отбасыны құттықтау рәсімі ұйымдастырылмақ.