24 Маусым 12:43
...

Алматы облысының жолдарынан алынған құрылыс материалдарының 17%-ынан ақау анықталды

Жол сапасы
Фото: ғаламтордан
Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысының филиалы хабарлады.

Алматы, NEGE. Биыл Алматы облысында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарына жасалған сараптама нәтижесінде 17% сынама нормативтік талаптарға сай келмейтіні анықталды.  

    Мекеме өкілдерінің мәліметінше, жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдардан 180, ал жергілікті жолдардан 182 материал сынамасы алынып, зертханалық талдаудан өткізілген. Анықталған ақауларды жою бойынша жауапты мекемелермен бірлескен шаралар қабылданатын болады. Мердігерлер нормативтік талаптарға сәйкес қайта қалпына келтіреді.
Айта кетейік, мекеме өңірдегі жол-құрылыс жобаларына техникалық бақылау жүргізіп, құрылыс материалдарының сапасына сараптама жасайды. Сонымен қатар, жолдардың жай-күйін анықтау мақсатында диагностика және орташа жөндеу жобаларына ведомстволық сараптама жүргізу жұмыстарын атқарады.

Жол активтері сапасының орталығы
ғаламтордан

      Бүгінде кәсіпорын зертханалық қызметті цифрлық форматқа көшіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. KazRoadLab атты цифрлық платформа сәтті жұмыс істеп тұр. Инженерлер объектіден алынған сынамаларды QR-код арқылы тіркеп, зертханаға жолдайды. Ал сынақ жабдықтарынан алынған мәліметтер планшетке автоматты түрде түсіп, KazRoadLab жүйесінде нақты уақытта өңделеді. Аталмыш жүйе жол сапасын тиімді бақылауға мүмкіндік беріп, саланы жаңа деңгейге көтереді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жол құрылысы мен сапасын бақылау жүйесін цифрландыру – стратегиялық міндет. Кәсіпорынның бұл жобасы цифрлық трансформация бағытындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларына толық сәйкес келеді.