Алматы облысының оқушылары қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадада жүлделі орындар алды

Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Алматы, NEGE. 2025 жылдың 21-24 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының «Дарын» орталығымен бірлесіп, қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданы өткізді.
Биылғы олимпиадаға республиканың білім беру ұйымдарының 200-ге жуық дарынды оқушысы жиналды. Олар бірнеше кезең бойынша өз білімдерін сынап, шығармашылық жұмыстарын ұсынып, әдебиетке деген құштарлықтарын көрсетті. Олимпиада барысында қатысушылардың қазақ тілін меңгеру деңгейі, көркем мәтінді түсіну мен талдау дағдылары, сондай-ақ эссе мен шығармашылық тапсырмаларды орындау қабілеті бағаланды.
Олимпиаданың республикалық кезеңі эссе жазу мен сұрақтарға ауызша жауап беруді қамтитын екі айналымнан тұрды.
Қатысушылар эссе жазу, қазақ тілін және қазақ әдебиетінің шығармаларын, Қанипа Бітібаеваның ғылыми мұрасы мен публицистикалық еңбектерін білу бойынша сайысқа түсті.
Бұл олимпиада – қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгерген дарынды оқушылардың білімін шыңдауға және шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған маңызды білім бәйгесі. Олимпиаданың басты мақсаты – оқушылардың тілдік білімін тереңдету, әдеби шығармаларды талдай алу қабілетін жетілдіру
Қазылар алқасының құрамында ғалымдар, Республиканың жоғарғы оқу орындарының оқытушылары болды.
Олимпиаданың салтанатты жабылуында алғы сөзбен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілі З. Аманова олимпиада ұйымдастырушыларына алғысын айтып, қатысушы дарынды оқушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 83 жеңімпаз бен жүлдегер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен (I орын – 15 оқушы, II орын – 24 оқушы, III орын – 44 оқушы), Оқу-ағарту министрлігінің «Ерекше жетістіктері үшін» грамотасымен 20 оқушы марапатталды.
Алматы облысының дарынды оқушылары да қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткен республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді.
Республикалық олимпиаданың нәтижесінде жүлделі орын иегерлері:
– Қарасай ауданы, Қошмамбет ауылындағы жайлы мектебінің 10 сынып оқушысы Джумагулова Сымбат;
– Қарасай ауданы, О.Жандосов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жургенова Асемай;
Грамота иегерлері:
– Қонаев қаласы, №3 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Советхан Қарақат;
– Қарғалы №2 мамандандырылған лицейінің 9 сынып оқушысы Нұржұмақызы Гаухар;
– Балқаш ауданы, Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Омархан Іңкәр.
Бұл жетістік — олардың білімге деген құштарлығы мен мұғалімдерінің ерен еңбегінің нәтижесі. Олимпиада барысында оқушылар тілдік сауаттылықтарын, әдеби шығармаларды терең меңгергендігін және шығармашылық қабілеттерін айқын көрсете білді.
Мәдени-танымдық бағдарлама аясында қатысушылар мен жетекшілер облыстық драма және оперетта театрында өткен қойылымды тамашалап, тимбилдингке қатысты.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім саласындағы үздік әдістемелік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева (1945 жылы 1 мамырда ШҚО, Тарбағатай ауданы Жетіарал - 2014 жылы) — даңқты мұғалім. КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2013). КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1990). Қазақстан Ұлттық Педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі, профессор. Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері.