Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Қалада білім алып жүрген тәрбиеленушілер өздеріне үйреншікті ортада оқуын жалғастырады, ал жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласына орналастырылады.
Алматы, NEGE. Жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында облыс әкімі балалар үйінің өкілдерімен, оның ішінде директор Роза Бекішева, педагогтар және тәрбиеленушілермен кездесу өткізді. Талқылауға Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қонаев қаласының әкімі және тиісті ведомство өкілдері қатысты. Бұған дейін білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы мекемеге барып, ондағы жағдаймен танысып, қызметкерлердің көшу және жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша пікірлерін тыңдаған болатын.
«Балалар Алматыда қалғысы келетіндерін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды», - деп атап өтті өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар, облыста жаңа балалар үйінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 4000 шаршы метрді құрайтын заманауи ғимарат 240 орынға есептелген. Онда жайлы тұрғын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған. Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі.

Сондай-ақ, ғимараттың бір корпусы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының (КТБО) қажеттіліктеріне жұмсалады, бұл облыстың әртүрлі аймақтарынан келген балаларды басқа қалаларға ауыстырмай, бір жерде орналастыруға мүмкіндік береді. Билік өкілдері жетім балаларға қатысты барлық шешімдер олардың мүддесін, өмір сүру жағдайының жайлылығын және сапалы білім алуын басты орынға қоя отырып қабылданатынын ерекше атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады», – деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері білім беру орталығына және туристік-спорттық кешенге барды. Бұл бағдарлама олардың болашақ мүмкіндіктерімен және даму перспективаларымен таныстырды.
«Құрылыс нысанын аралап, болашақ балалар үйінің паспортын таныстырғаннан кейін, біз үшін өте жақсы жағдай жасалып жатқанын және маңында ешқандай түрме жоқ екенін көрдік», – деп бөлісті балалар үйінің тәрбиеленушісі Кирилл Капранов.