Алматы облысында жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановты еске алуға арналған XXXIV Мемориал басталды

Алматы облысында жеңіл атлетикадан Орталық Азиядағы ең беделді халықаралық турнирлердің бірі – Ғұсман Қосановты еске алуға арналған XXXIV Мемориал басталды. Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар бірнеше бағдарламада жүлделі орындарға ие болды.
Алматы, NEGE. Қазақстан құрамасының сапында Александра Залюбовская 400 метр қашықтықта 54.04 нәтиже көрсетіп, Иван Товченик сырықпен секіруде 5.40 метрмен және биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая 1.84 метр нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды.
Күміс жүлдені алғашқы жарыс күнінде Виктория Ан (100 метр – 12.02), Аделина Земс (400 метр кедергілер арқылы жүгіруде - 57.85), Әділ Омарбеков (400 метр кедергілер арқылы жүгіруде - 52.97) және 1500 метрге жүгіруде 4:37.0 нәтижесімен мәреге екінші болып келген Ақбілек Құралбай жеңіп алды.
4×100 метрлік ерлер эстафетасында (Виталий Земс, Алмат Төлебаев, Дамил Сүтжанов және Әділ Омарбеков) Қазақстан құрамасы 40.42 секунд көрсеткішімен күміс жүлдегер атанды. Ал әйелдер арасындағы 4×100 метрлік эстафетада Виктория Ан, Мария Ефремова, Аделина Земс және Александра Залюбовскаядан құралған «Қазақстан-1» командасы екінші орын алса, Арина Мишеева, Кристина Ермола, Валерия Сафонова және Алина Чистяковадан құралған «Қазақстан-2» командасы үшінші орынға ие болды.
Қола медальдар келесі спортшыларға бұйырды: Иван Иванов ядро лақтыруда (19.12 м), Евгений Лабутов диск лақтыруда (56.05 м), әйелдер арасында ядро лақтыруда Надежда Богданова (11.38 м), 400 метрге жүгіруде Эльнор Мұхитдинов (47.50) және 1500 метрге жүгіруде Игорь Хрунин (3:55.18).
Айта кетейік, Ғұсман Қосанов мемориалы World Athletics Continental Tour Bronze Level сериясына енген және халықаралық маусымның маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады.
Биылғы турнир 2–3 тамыз күндері Олимпиадалық даярлау орталығының стадионында өтіп жатыр. Жарысқа 17 елден 214 атлет қатысуда.
Сайыс аясында спортшылар қыркүйек айында Жапонияда өтетін әлем чемпионаты қарсаңында маңызды рейтингтік ұпайлар жинай алады.