16 Тамыз 21:38
...

Алматы облысында ұстаздардың тамыз кеңесі өтті

Алматы облысы әкімдігі
Фото: Алматы облысы әкімдігі

16 тамыз күні Қонаев қаласында алдағы оқу жылына және оқу үдерісіне цифрлық технологияларды белсенді енгізуге арналған білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті.

Алматы, NEGE. Шараға 200-ден астам адам қатысты. Кездесуді тікелей эфирде облыс бойынша 20 000 мұғалім тамашалады.

Пленарлық отырыстың модераторы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым болса, отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Білім министрі Ғани Бейсембаев, қатысушыларға бейне үндеу жолдады. Өткен оқу жылының қорытындылары мен жаңа оқу жылының міндеттері туралы негізгі баяндаманы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева жасады.

Жиында білім беруді цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тақырып бойынша білім беру сапасын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ержан Жиренбай мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов баяндама жасады.

Пленарлық отырыс барысында Алматы облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Есімбекова, No38 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Асқарбаева, «BILIM INVEST» Ұлттық білім беру инвесторларының қауымдастығы мен Алматы экономикалық колледжінің өкілдері де сөз сөйледі.

«Білім берудегі цифрлық технологияларды дамыту – қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет басшысы ұстаздар съезінде атап өткендей, бұл салада түбегейлі жаңа тәсілдер қажет. Заманауи технологияларды пайдалану білім беру жүйесін жылдам әрі тиімді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Біз білім саласын үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек. Әсіресе, облысымызда бюджеттің жартысынан астамы білім саласына жұмсалатынын ескерсек, бұл әрине бала үшін өте маңызды», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ облысымызда 1742 білім ошағы бар екенін және оларды қолдауға облыстық бюджеттің жартысынан астамы бөлінгенін баса айтты. Бұл қаражаттың басым бөлігі мұғалімдердің жалақысына түседі. Осындай қомақты ресурстарды білім беруге жұмсай отырып, – балаларымызға сапалы білім берілуін күтеміз.

Жас дарындардың жетістіктеріне тоқталған өңір басшысы: «145 оқушымыз оқу олимпиадасының жеңімпазы атанса, республикалық ауыл олимпиадасында облыс құрамасы екінші орынды иеленді. Бұл өңірдегі қала мектептерінің де, ауыл мектептерінің де сапалы білім алуға толық мүмкіндігі бар екенін көрсетеді», - деді өз сөзінде.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ұлағатты ұстаздарға марапаттар табыс етті. 11 мұғалім Құрмет грамотасымен, 19 мұғалім алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» және «Білім беру ісінің үздігі» медальдарымен марапатталды.

Шара әсерлі оқиғамен аяқталды: облыс әкімінің бастамасымен және кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында балалар үйінің тәрбиеленушісі Марина Құдашоваға 30 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.