Алматы облысында ұн зауытында жарылыс болып, бір адам қаза тапты

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 23 мамыр күні Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін шығаратын зауыт аумағында жарылыс болып, өрт шықты.
Алматы, NEGE. Оқиға орнына дереу Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Шұғыл штаб құрылып, өрт толық сөндірілді. Қызыл жалын 1377 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрттен төрт адам зардап шекті. Олар Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.
Департамент мамандары астық қалдықтарының шаң-тозаңы жаралысқа себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«АзияАгроФуд» басшысы Саян Әшенов төтенше жағдай салдарынан компания қызметкерлері зардап шеккенін атап өтті.
Зардап шеккен 49 жастағы қызметкер алған жарақаттардың салдарынан қайтыс болды. Оның денесін терең күйік шалған.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, Қаскелең қаласындағы Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына 23 мамыр күні 4 адам жеткізілді.
Қалған үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастарды жеке бақылауына алып, дер кезінде диагноз қою және толық ем алу үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.