USD
USD
USD

Алматы облысында «Qonaev Media» өңірлік телеарнасы ашылады

Бұл туралы баспасөз мәслихатында жаңа телеарнаның басшылары мәлімдеді.

Qonaev Media
Фото: Qonaev Media

Алматы, NEGE. Алматы облысымен қатар, республика көлемінде тікелей хабар тарататын арнаға танымал тележүргізушілер жетекшілік етпек. Жаңа арнаның басшысы – Қымбат Хангельдина, ал бас продюсер қызметін Қымбат Досжан атқарады.

Жаңалықтарға негізделген телерадио кешені қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 12 сағат хабар таратады.

– Мамыр айында кезең-кезеңімен іске қосыла бастаймыз. Жалпы штат саны – 80 адам. Негізгі құрам анықталғанымен, әлі де телеарнаның «ыстығына күйіп, суығына тоңуға» дайын әріптестерді іріктеп, жұмысқа қабылдаймыз. Қазіргі таңда жұмыс жоспары әзірлену үстінде, – деді «Qonaev Media» телерадиокомпаниясы» ЖШС директоры Қымбат Хангельдина.

Алматы облыстық телеарнасы болғандықтан, қаржыландыру облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Алайда, арна көрерменнің көңілінен шығып, өз аудиториясын қалыптастыра алса, іскерлік жобалар да қолға алынып, өзін-өзі қаржыландыратын медиаға айналдыру көзделген.

Телеарна жаңалықтармен шектелмей, түрлі бағыттағы бағдарламаларды да эфирге шығарады.

– Ақпараттық хабарлар күнделікті үш мезгіл эфирден беріледі. Апта сайын ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар да жарық көреді. Өңірдің әлеуеті зор. Сондықтан мәдениет, спорт, туризм бағыттарын қамтитын циклдік жобалар әзірленеді, – деді «Qonaev Media» арнасының бас продюсері Қымбат Досжан.

Жаңа арна іске қосылғанымен, телеарна қызметкерлері үшін қолайлы кеңсе мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі таңда «Qonaev Media» телеарнасының уақытша ғимараты Алматы қаласында орналасқан. Ал облыс орталығы – Қонаев қаласында арнайы медиаорталық ашылған кезде, арна толықтай өңірдің бас шаһарына көшеді.

Айта кетейік, болашақта арна жанынан жергілікті радио құрылып, әуе толқынында хабар тарату жоспарланып отыр.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда жергілікті полиция қызметіне 20 мыңнан астам адам жетіспейді

ұрлық

Бапи, Мусин, Мүтәліп: Қазақстан Халық кеңесі құрамына кімдер кірді?

Ермұрат Бапи, Бағдат Мусин, Шахмұрат Мүтәліп

300-ге жуық үлескер зардап шекті: Астанада «Mardan» тұрғын үй кешеніне қатысты іс сотқа жолданды

«Mardan» тұрғын үй кешені үлескерлерінің қылмыстық ісі

ММА шебері Еркінғали Бүркіталин Азия ойындарының чемпионы атанды

Еркінғали Бүркіталин