Алматы облысында көліктерді заңсыз тіркеген полиция және «ЦОН» қызметкерлері сотталды
Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Астана, NEGE. ҚМА мәліметінше, полиция, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері мен жеке нотариустардан құралған қылмыстық топ екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысып келген. Қылмыстық схема салдарынан мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден асқан.
Схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 851 көлікті заңсыз тіркеген. Бастапқы кезеңде 642 жүк көлігі тіркеуге қойылған. Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге қатысты «қосар көліктерді тірілту» деп аталатын схема бойынша жалғасқан. Заңсыз әкелінген тағы 209 көлікке Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген.
«Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен. Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңгені, утиль алымы 1,2 млрд теңгені құрады», – деп хабарлады ҚМА.
Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық жолмен тапқан табысына сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сондай-ақ бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды, ал жеке нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.