Алматы облысында донор бес адамға екінші өмір сыйлады
Алматы облысында ми өлімі тіркелген пациенттен донорлыққа екі бүйрек, жүрек, бауыр және көздің мөлдір қабығы алынған.
Астана, NEGE. Донорлық процесс Алматы облысының көпбейінді клиникалық ауруханасында жүргізілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1979 жылы туған пациентте ми өлімі тіркелген. Жағдайды түсіндіргеннен кейін марқұмның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру туралы шешім қабылдаған.
«Барлық кезеңдерді ұйымдастыруды және үйлестіруді Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті.
Донорлық процесс барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және мөлдір қабық алынды», – делінген хабарламада.
Барлық донорлық ағза бейінді медициналық ұйымдарға жедел жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, жүрек, бауыр, бүйрек және мөлдір қабықты трансплантаттау сәтті аяқталған.
«Медициналық көмек пациенттерге, оның ішінде республикалық күту парағында тұрған балаға көрсетілді.
Денсаулық сақтау министрлігі туыстарына көрсеткен батылдығы мен басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғыс білдіреді», – деп мәлімдеді ДСМ өкілдері.
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантаттауды күту парағында 4 506 пациент, оның ішінде 123 бала тұр. Олардың көбі бүйректі трансплантаттауды қажет етеді.