Алматы мен Астанада пәтер жалдау құны арзандады: Бұл уақытша құбылыс па?
Соңғы айларда Алматы мен Астана қалаларында пәтерін жалға берушілер сұраныстың айтарлықтай азайғанын айтып жүр.
Хабарландыру шыққан бойда тез арада өтіп кететін пәтерлер бірнеше айдан бері бос тұр. Баға да біртіндеп төмендей бастаған. Бұл уақытша құбылыс па? Пәтерді жалға беру нарығында не өзгерді?
Apartmenty Almaty компаниясының риелторы Малик Турекешев, қазіргі нарықтағы жағдайды түсіндіріп, кеңес берді.

Риелтордың айтуынша, пәтерлердің бос қалуына ұсыныстың шамадан тыс көбеюі себеп. Соңғы жылдары инвесторлар мен жеке тұлғалар жаңа пәтерлерді көптеп сатып алып, жалға беруге шығарған. Алайда жалға алушылар саны бұл көлемге сай емес.
«Нәтижесінде пәтер көп, клиент аз, бәсеке жоғары. Осындай жағдайда пәтер иелері бағаны түсіруге мәжбүр болады», – дейді маман.
Жалға беру құнының арзандауына не себеп?
Маманның айтуынша, жалға беру құнының төмендеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, бұл –маусымдық құбылыс. Қыс пен жаздың аяғына дейінгі кезең – нарықтағы ең тыныш уақыт. Қыста көшу азаяды, ал жазда көп адам демалысқа кетеді. Осы кезеңде сұраныс төмендеп, баға да арзандайды.
«Тамыз–қыркүйек айларында, әсіресе ірі қалаларда, студенттер оқуға келе бастайды. Осы сәтте баға көтеріледі. Ал оған дейін пәтер иелері клиент табу үшін жалға беру құнын төмендетуге дайын болады», – дейді Малик Турекешев.
Сонымен қатар, жаңа тұрғын үйлердің көптеп салынуы да нарыққа тікелей әсер етеді. Риелтордың айтуынша, жаңа тұрғын үй кешендері пайдалануға берілген сайын, жалға берілетін пәтер саны артады.
Пәтерлерді жалға алу құны ары қарай да арзандай ма?
Егер нарықтағы жағдай әрі қарай да осы күйінде қалса, баға уақытша тағы төмендеуі мүмкін.
«Бірақ тамыздың соңы мен қыркүйек айында студенттер аймақтардан келетін тұста сұраныс артып, баға қайта көтерілуі ықтимал. Ал дәл қазіргі уақытта пәтер жалдау тиімді. Өйткені саудаласу мүмкіндігі жоғары. Яғни дәл қазір жақсы аудандағы пәтерді бұрынғыдан әлдеқайда тиімді шартпен жалға алуға болады», – дейді маман.
Малик Турекешевтің айтуынша, жалға беру құны биыл ғана арзандап тұрған жоқ, жыл сайын осы уақыттарда қайталанатын жағдай.
Риелтор жалға берушілерге пәтерлерін сәл төмендетілген бағамен ұсынуға кеңес береді.
«Шілде айына дейін пәтерлерді сәл төмен бағада жалға берген абзал. Кейін нарықта пәтер саудасы қызған шақта бағаны көтеруге болады. Әйтпесе пәтер ұзақ уақыт бойы бос тұрып қалуы мүмкін», – дейді Малик Турекешев.
Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Назарова бірнеше айдан бері қаладағы үш пәтерінің жалға алушыларсыз, бос тұрғанын айтады. Ол соңғы уақыттары пәтерін жалға беруге қанша тырысса да, ешкім келмей отыр.
«Пәтерді жалға беру туралы хабарландыру беріп қойдым. Тіпті жарнамам бірден көрініп тұруы үшін де қосымша ақшамды аяп жатқан жоқпын. Жиі жаңартып отырамын», – дейді ол.
Айтуынша, пәтерінің бірі қаланың орталығында, қалған екі пәтері – қаланың төмен жағында.
Пәтерді көруге келетіндер бар. Алайда алуға әзірге ешкім құлық танытып отырған жоқ.
«Пәтерлерімді жалға беріп келе жатқаныма 7 жылдай болды. Алайда мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмын. Бұрын пәтерлерім ары кетсе бір ай ғана бос тұратын», – дейді Айгүл.
Krisha.kz сайтының хабарлауынша, 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2026 жылы қаңтар айында ел бойынша орташа пәтер жалдау мөлшерлемесі 1% ғана төмендеген.
Астанада бір бөлмелі пәтерді жалға алу орта есеппен 200 мың теңге, екі бөлмелі пәтердің бағасы шамамен 280 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтерді жалға алу үшін 400 мың теңге төлеу қажет.
Алматыда пәтерлердің бағасы сәл жоғары: бір бөлмелі пәтер – 220 мың теңге, екі бөлмелі – 320 мың теңге, үш бөлмелі – 450 мың теңге.
Шымкентте жалдау ақысы арзанырақ: бір бөлмелі пәтерді шамамен 150 мың теңгеге, екі бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге, ал үш бөлмелі пәтерді 240 мың теңгеге жалға алуға болады.
Ең қолжетімді пәтерлер Тараз бен Түркістан қалаларында. Орташа есеппен Таразда бір бөлмелі пәтерді 85 мың теңгеге, Түркістанда – 100 мың теңгеге жалға алуға болады.