USD
USD
USD

Алматы – Қаскелең автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

Президент тұрғындардың Алматы – Қаскелең жолындағы көлік кептелісіне қатысты шағымына назар аударып, жолды кеңейту жобасын дереу бастауды тапсырған.

авто
Фото: ЖИ арқылы әзірленді

 Астана, NEGE. Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне арналған кеңесте мәлімдеді.

«Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылғы желтоқсан айына жоспарланған.

Жоба құны бекітілген және ол Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландырылмақ. Бұл ретте премьер-министр жоба бағасының өсуіне жол берілмейтінін баса айтты. Сондай-ақ Бектенов жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін жер бағасын 14 шілдедегі жағдай бойынша бекітуді тапсырды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожол учаскесінің 8 шақырымдық бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын ұсынған. Жобаға сәйкес, 2 жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланған. Нәтижесінде бұл  учаскенің өткізу мүмкіндігі 2 есе артады деп болжанып отыр.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күн сайын 300 мың автокөлік кіреді.

«Қала ішіндегі автокөліктерді қоса есептегенде, жол қозғалысының жалпы көлемі 1 миллионнан астам көлікке тең. Алматы – Қаскелең автомобиль жолы Алматы агломерациясындағы ең қарқынды қозғалыс жүретін жол учаскелерінің бірі. Бұл жолдағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автокөлікке жетеді», – делінген Үкімет хабарламасында. 

Сондай-ақ жиында Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы талқыланды.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмыстарының басталғанын хабарлады. Бұл жоба Алматы – Қаскелең тас жолына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысында жер мәселелерін шешу жұмыстары соңғы сатыда тұр.

Сонымен қатар Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды. Алматы – Есік және Алматы – Талғар бағыттарындағы автожол жобалары қаралды. Сондай-ақ рельсті көлікті және Алматы метрополитенін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.

Олжас Бектенов Алматы агломерациясының көлік байланысы мәселелерін кешенді шешу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Қазір оқып жатыр

Бітіру салтанатында диплом жыртқан түлек желіде кешірім сұрады

диплом

Қазақстанда жас кәсіпкерлер саны азайып кеткен

жеке кәсіпкерлік

Қазақстан Ливанға 11 бітімгер аттандырды

Бітімгерлік миссия

Алматыдағы өзендердің бірі мұнай өнімімен ластанған

Есентай өзені