19 Маусым 12:10
...

Алматы қаласының Әуезов ауданында жаңа оқу жылына инклюзивті тәсілмен заманауи студенттік жатақхана ашылады

Жатақхана
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында «Нархоз» университетіне барып, Narxoz Housing жаңа жатақханасының құрылысымен танысты.

Алматы, NEGE. Жатақхана құрылысы университет аумағында акционердің өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Қазір жұмыстар 80%-ға орындалды. Құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған, жатақхана жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Қала басшысы студенттердің өмір сүруі мен оқуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Жатақхана
Фото: Алматы әкімдігі

«Нархоз» университетінің президенті Қанат Қожахмет жатақхана білім беру гранты бойынша да, коммерциялық негізде де оқитын студенттерге арналғанын атап өтті. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.

Жобаға сәйкес, 424 орындық заманауи жатақханада студенттерге жайлы инклюзивті бөлмелер, асхана, медициналық орталық, интернетке қол жетімді коворкинг-аймақ, оқуға және демалуға арналған қоғамдық кеңістіктер болады.

Аумақты абаттандыру және көгалдандыру аясында 100-ден астам бұталар мен ағаштар отырғызылады, ландшафттық көгалдандыру, workout-аймақтар және сирек өсімдіктері бар пайдаланылатын шатыр да қарастырылған.

Айта кетерлігі, Алматыда 35 жоғары оқу орнында 199 мыңнан астам студент оқиды, оның 124 мыңы (62,2%) қаладан тыс жерлерде тұратындар. Мегаполисте 109 жатақхана жұмыс істейді, онда 36,2 мың студент тұрады.

Жатақханалар салу бойынша жұмысты үйлестіру үшін 2023 жылдың наурыз айында Алматы қаласының әкімдігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жобалау офисін іске қосты. Жобалық офистің негізгі міндеті Алматы қаласының аумағында жатақханалар салу және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, атап айтқанда, қала әкімдігі мен Қаржы орталығы тарапынан тұрғын үй құрылысына мүдделі жоғары оқу орындары мен әлеуетті инвесторларға шұғыл заңгерлік, консультациялық және сараптамалық көмек көрсету болып табылады. Іске қосылған сәттен бастап жобалық офиске 120 әлеуетті инвестор жүгінді, бұл қолдау тетігінің тартымдылығын көрсетеді.

Мәселен, 2023 жылы жатақханалар салу жоспары екі есеге жуық орындалды-3 969 төсек-орынға арналған 14 нысан пайдалануға берілді, жоспарлы көрсеткіші 2 мың төсек-орын. Жатақхана тапшылығы 32,7 мыңнан 28,7 мың төсек-орынға дейін қысқарды.

Жатақхана
Фото: Алматы әкімдігі

2024 жылға жоспарлы көрсеткіш-4 мың төсек-орын, алайда 6 690 төсек-орынға 15 нысанды енгізу жоспарлануда, оның ішінде 1 165 төсек-орынға 5 нысан оқу жылының басында пайдалануға беріледі.

Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында қала әкімдігінің жобалық офисінің қолдауымен 12 мың төсек-орынға, ал 2030 жылға қарай тағы 20 мың төсек - орынға жатақханаларды іске қосу жоспарлануда. Осылайша, Алматыдағы жатақханалардың тапшылығына байланысты мәселе толығымен шешілетін болады.