Алматы әуежайында жолаушылар 10 сағаттан бері ұша алмай отыр
Алматы әуежайында әуе рейстері кешігіп жатыр. Ішкі және халықаралық әуе рейстерінің кешігуіне ауа райындағы қолайсыздықтар себеп.
Алматы, NEGE. Алматыда қалың қар жауып, әуежайдың жұмысы тұралап қалды. Мысалы, 03:55-те ұшуы тиіс болған Emirates EK 242 рейсінің уақыты бірнеше рет өзгеріп, сағат 20:35-ке жоспарланып отыр.

Алматы әуежайының баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Аталған кешігулер бұған дейін хабарлағанымыздай, ауа райының қолайсыздығынан болып отыр. Қазіргі уақытта әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, кешіктірілген рейстер кезек тәртібімен ұшып жатыр. Түнгі уақытта кешіккен рейстердің барлығы жіберілді. Экипаждардың жұмыс уақытына қойылған шектеулерге байланысты FlyDubai және Qatar Airways авиакомпаниялары осы рейстер бойынша кешіктіру уақытын белгісіз мерзімге ұзарту туралы шешім қабылдады. Рейстерге қатысты қосымша ақпарат алу үшін тиісті авиакомпанияға тікелей жүгінулеріңізді сұраймыз», – делінген хабарламада.
Әуежайдағылар жолаушыларға тиісті авиакомпаниялардан ақпаратты алдын ала нақтылап, әуежайдың ресми сайтындағы рейстер кестесін қадағалап отыруды ескертеді.
Алматыда бір түннің ішінде қардың қалыңдығы 35 сантиметрге дейін жетті. Бұл айлық норманың жартысына тең. Ауа температурасы –3°C-қа дейін төмендеді, ал түнге қарай –10°C-қа дейін суытуы мүмкін.