17 Желтоқсан 15:46
...

Алматы әкімі Саин көшесін ұзарту жұмысы қашан аяқталатынын айтты

gov.kz
Фото: gov.kz

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз конференциясында журналистің Саин көшесін ұзарту жұмысы мен әл-Фараби даңғылындағы жаяу жүргіншілер көпірі құрылысының аяқталу мерзіміне қатысты сұрағына жауап берді.

Астана, NEGE. Қала басшысы Саин көшесін ары қарай созып, Алматы облысындағы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосу туралы президенттің тапсырмасы бар екенін еске салып өтті.

«Саин көшесін ұзарту жұмысының созылып кету себебі – бұл аумақта мемлекеттік мұқтаждыққа алатын нысандар бар. Сол нысандар бойынша сот процесі жүріп, оны осы қазан айында аяқтадық. Қазір аталған нысандарды сүріп тастадық.

Екінші мәселе – сол жерден ЖЭО-2-ге дейін баратын жоғары вольтты жүз ондық бағаналар бар. Ол жерге кабельдерді тартып қойдық. Қыс маусымында оны ауыстыруға болмайды. Сол себептен де бұл жұмыстарды көктемде жүргізіп, ал жобаны (Саин көшесін ұзарту жұмысын – ред.) мамыр айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қаржыландару қарастырылған», – деді Дархан Сатыбалды.

Бұл жоба 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. 

Ал Әл-Фараби даңғылында Есентай көлінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысының ұзаққа созылып кетуіне сол маңдағы ағаштарды кесуге тұрғындардың қарсы болуы себеп болған.

«Ол көпірмен өзім де жаяу жүріп көргенмін. Бірінші жобада құрылыс жасайтын кезде 180-нен астам үлкен көпжылдық ағаштарды кесу керектігі көрсетілген. Ағаштарды кесуге сол маңдағы тұрғындар наразы болғандықтан, жоба қайта қаралып, мемлекеттік сараптамадан енді шықты», – деп мәлімдеді Алматы әкімі.

Оның нақтылауынша, 150-ден астам ағаш кесілмейтін болды, ал қалған 20-30 түп ағаш басқа жаққа отырғызылады. Жоба келесі жылы аяқталады.