17 Желтоқсан 16:50
...

Алматыда кәсіпкерлерден 17 гектар жер қайтарып алынған

freepik.com
Фото: freepik.com

Алматы қаласында 8-ге жуық компаниядан пайдаланылмай жатқан 17 гектар жер қайтарып алынған.

Астана, NEGE. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз конференциясында пайдаланылмай жатқан жер телімдеріне қатысты сұраққа жауап берді.

«Қалаға басшы болып келген соң Алматының индустриялық аймағына бірнеше рет барған едіңіз, сол кезде көп жыл бойы пайдаланылмай келген жер телімдері қайтарылып алынатынын айттыңыз. Қазір мақсатты түрде пайдаланылмаған жерлер бойынша нақты компаниялар тізімі бар ма және олардан жер телімдері қашан қайтарылады?», – деп сұрады Nege.kz тілшісі.

Қала басшысының айтуынша, жер телімдерін мақсатына сай пайдаланбаған бірнеше компаниямен келісімшарт бұзылған.

«2020-2021 жылдары жер телімдерін алып, игермеген компаниялар бар. Оларды анықтадық – шамамен 8 компания. Құрылыс бастамай, іргетасын салып қойған, қоршауын тұрғызып қойған компаниялар да бар. Олардың барлығымен кездесіп, сөйлесіп шықтық. Қазіргі таңда 8 компаниямен келісімшартты бұздық, 17 гектардай жерді қайтарып алдық», – дейді Дархан Сатыбалды.

Бұған қоса қала әкімі қалған компанияларға да нақты мерзім белгіленгенін, егер ол компаниялар да құрылыс жұмысын бастаймайтын болса, жер телімдері қайтарып алынатынын айтты.