21 Желтоқсан 00:02
...

«Астана» – «Челси» матчынан кейін Алматыдағы Орталық стадионда тексеріс басталды

Стадион
Фото: gov.kz

Бірнеше күн бұрын Алматының Орталық стадионында басты футбол оқиғасы болды.

«Астана» мен «Челси» командалары арасындағы матчты тамашалауға 20 мыңнан астам жанкүйер жиналды.

Қала билігі іс-шараға мұқият дайындалды: көрермендерді тасымалдау үшін тегін маршрут ұйымдастырды, көшелерді жабу туралы алдын ала хабардар етті, ойыншылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті, сондай-ақ билет сатушыларға қатысты шаралар қабылдады.

Жалпы, спорттық шара тыныш өтті. Алайда, шағым түсірген жағдайларсыз болмады. Көрермендер  трибуналардағы орындардың бір күн бұрын жауған қардан тазартылмағанын байқады. Осы жағдайдан кейін Орталық стадионның басқарушысы жіберген кемшіліктері үшін қызметінен босатылды.

Орталық Стадион
әлеуметтік желіден

Спорттық нысандар дирекциясының басшысы Елена Тё болған жағдайға пікір білдіріп, кадрлық ауыс-түйістер мен стадионды жаңғырту жоспарларымен бөлісті.

– Елена Васильевна, не себепті стадионның қары дер кезінде тазаланбады және жанкүйерлерлерге арналған орындар неге дайын болмай шықты? Бұл салғырттық таныта салатын қатардағы спорттық шара емес қой?

– Дұрыс, біз бұл матчты асыға күттік. Ауа райының қандай болғаны белгілі, сонымен қатар аренаның төбесі ашық. Дегенмен, ойыншыларға да, көрермендерге де барынша жағдай жасауға тырыстық. Қардың тазаланбауына байланысты келеңсіз жағдайға келсек, бірнеше қатарда ғана қар жатты. Әрине, ешкім жауапкершіліктен қашпайды. Мұны техникалық олқылық, адами фактор, стадион меңгерушісінің дұрыс қадағаламауы деп айтқым келеді. Түрлі сылтау айтуға болады, бірақ бұл ақтап алуға келмейтін жағдай. Қала тұрғындары мен жанкүйерлердің алдында ұят болды...

Аренаны дайындауға бірінші кезекте нысанның қызметкерлері мен жеке құрамы жұмылдырылып, барлық қалалық қызметтер белсенді көмек көрсетті. Шараны ұйымдастыру қалалық әкімдіктің тұрақты бақылауында болды.

Жанкүйерлерге ыңғайлы болу үшін қаланың әр түкпірінен тегін көлік жүрді. Кептеліс болмас үшін стадионға іргелес көшелер жабылып, күзетілді, ал құқық қорғау органдары жанкүйерлердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етті.

– Стадионның жай-күйі, орындықтардың ескіргені туралы шағымдар да болды ғой?

– Стадионның орындықтары мен инфрақұрылымына қатысты мен сіздерге тың ештеңе айтпай-ақ қояйын: аренаны ауқымды жаңғырту жұмыстарына дайындап жатыр.

Жалпы, ағылшындардың да, біздің ойыншылардың да сөзінен байқағанымыз, ойын техникалық жағынан ешқандай шағымсыз өтті. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан стадионда футболға керемет қолдау көрсеткен жанкүйерлерімізге рахмет.

– Осы оқиғаға байланысты Орталық стадионның басқарушысы жұмыстан босатылды. Ол өзінің сұхбатында жұмыскерлердің жалақысы мардымсыз екенін, дирекцияға қайта-қайта жүгінгенімен, ешқандай көмек болмағанын айтты...

– Иә, дирекцияға жүктелетін жауапкершілікке қарамастан, нысан басшысының құзыреті мен қызметіне, әсіресе, нысандағы осындай маңызды іс-шаралар кезінде шаруашылықты тиісті жағдайда ұстау кіреді. Бауыржан Жұмажанұлы бұл нысанда 2023 жылдың шілде айынан бері жұмыс істейді, барлық мәселе оңынан шешілді. Оның үстіне биыл стадионда іс-шаралар көп болды. Осындай келеңсіз қателік жіберіп, стадионның толық дайын болуын тиісті бақылауды қамтамасыз етпеу, бұл басшылықтың жол бермеуі тиіс салғырттық.

80 мың жалақы алатын қызметкерлерге келейік... Стадион қызметкерлерінен бөлек, дирекция жыл сайын өндірістік үй-жайларды тазалау бойынша жеке тұлғалармен ақылы қызмет көрсетуге келісім-шарттар жасайды. Келісім шартқа сәйкес, қызмет көрсеткені үшін 104 мың теңге төленеді. Олар аренаға тек іс-шаралар өтетін күндері ғана тартылады. Бұл маусымдық жұмыс. Стадиондағы 46 қызметкердің 23-і ішкі және айналаны тазалаумен айналысатын техникалық қызметкерлер. Сонымен қатар, осы матчқа дайындық барысында дирекцияның сайтында аумақ тазалаушыларды қосымша қабылдау туралы хабарландыру жарияланды. Біз хабарландыруымызға 40-қа жуық жауап алдық, алайда ауа-райының қолайсыздығына және келісімшарт бойыша ақша төлеуге ешкім келісе қоймады. Олар ақыны бірден және қолма-қол алғысы келді. Бұл әдіс тиімсіз болып шықты.

– Болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін не істеу керек?

– Осы жағдайға қайта оралсақ, дирекцияның 5 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, басқа нысандардан, атап айтқанда, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайынан, «Алматы Арена» МФҚ, «Халық Арена» МФҚ, және де басқа нысандардан қызметкерлер мен техникалар қосымша тартылды. Дирекцияның мердігерлік ұйымдарының қызметкерлері қолдау көрсетті. Сондықтан ешқандай көмек көрсетпеді деген айыпты негізсіз деп есептеймін. Болған оқиға бізге сабақ алуға және мұндай қателіктерді жою үшін қорытынды жасауға міндеттейтіні сөзсіз.

Объективтілік үшін Орталық стадион қызметкерлерінің қызметіне қызметтік тексеру және ішкі аудит жүргізу үшін комиссия құрылды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша нысанның жауапты тұлғалары қызметінің тиімділігі анықталады.