10 Қыркүйек 08:47
...

Алмат Сақатов: Аузыңды ашсаң, артыңа сарт ете қалатын уақыт өткен сияқты

Фото:
Өнер иелері арасында азаматтық пікірін ашық ортаға салып жүрген санаулы азаматтар қатарында Алмат Сақатов та бар.

NEGE тілшісі актерге хабарласып, қоғам жайлы ойларын сұрады.

– Соңғы кезде әлеуметтік желіде азаматтық көзқарасыңызды уытты әзілдер арқылы  жеткізуді әдетке айналдырдыңыз.  «Қайтесің» дейтіндер көп пе, әлде «айта түс» дейтіндер көп пе?

– Елу де елу.

– Бұрын азаматтық пікірін ашық айтқан өнер адамдары басты рөлден немесе қандайда бір сый-сияпаттан қағылып жататын. Осы бір жалтақтық шығармашылық ортада  әлі бар ма?

– Жоқ, қазір көп нәрсе өзгерді ғой. Аузыңды ашсаң, артыңа сарт ете қалатын уақыт өткен сияқты. Қазір өнер адамдары арасында тайсалмай, көзқарасын ортаға салатындар қатары өсуде. Бұл – әрине, қуантады.

– Алда өтпек сайлауға қатысты әзірлеп жатқан бір кәдеңіз бар болар?

– Алдымен сайлауға түсетін үміткерлердің кім екенін анықтап біліп алайын, содан соң көре жатармыз...

– Қазір бізге мерзімінен тыс президенттік сайлаудан гөрі, мығым саяси реформа қажет дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?

– Қазіргі президентіміз жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Отыз жыл бойы шегемен қадап қаққандай қалыптасып қалған саяси жүйені аз уақытта өзгерте салу оңай шаруа емес. Ел ішіндегі экономиканы тұрақтандыру, оның сыртында  халықаралық экономикалық байланыс бар дегендей, атқарар жұмыс көп.

Бұдан өзге билікте түйені түгімен жұтатындар әлі жүр, тергеліп-тексеріліп жатқаны да қаншама?! Осының бәрін  реттеп, қалыпқа келірту үшін уақыт керек.

Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға түсер болса, өз басым  дауыс беруге әзірмін. Себебі, берген уәдесін орындауға мүмкіндік беруіміз қажет.

– Бір кездері саясатты орыс халқының қағидасына сүйеніп, «мәдениетті жезөкшелікке» теңеген едіңіз. Уақыт өте келе осы салаға өзіңіз де араласып жүрсіз?

– Осыдан үш-төрт жыл бұрын аңсарымның ауғаны анық. Енді, қазір көзқарасым өзгерді. Құдайға шүкір, екі немерем бар. Соларға көңіл бөлсем, арасында киноға түсіп, шығармашылықпен  айналыссам деймін. Әйтпесе, кезінде  депутат болуға мүмкіндігім болды, бірақ ол мансаптан бас тарттым.

Егер тек қазақтың қамын ойлайтын ұлттық партия болса, оған мүше болуым әбден мүмкін. Бірақ жан-жағымыздан Ресей, Қытай сынды түрлі елдер қаумалап қарап отырған шақта ондай ұйымның болуы екіталай.  

– Жалпы, қазіргі таңда өнер адамдары саясаттан мүлде тысқары қалғандай көрінеді. Бұл көңіл қалғандықты білдіре ме, әлде қу тіршілік мұрша бермей ме?

– Біріншіден, әртіс атаулының тіршіліктің қамын күйттеп кеткені жасырын емес. Жазар әні, түсіретін клипі, шығар тойы бар дегендей. Бірақ, бәрі бірдей қара бастың қамын ғана күйттеп жүр дей алмаймын. Қаңтар оқиғасы кезінде ел ертеңіне алаңдаушылық танытып, алаңға шыққан біраз әріптестерімді көрдім.

Негізі саясат деген қыр-сырын ұғыну қиын дүние ғой, көбісі жай-жапсарын жыға тани бермейді. Сондықтан білмеген соң, басын сұққысы келмейді деп ойлаймын. Ол да дұрыс шығар.

– Кезінде ешкім көзге ілмеген Зеленский бүкіл бір елдің үміт артқан көшбасшысына айналып шыға келді. Біздің елде жол бастайтын әртіс жоқ па, әлде оларға жол бермей ме, қалай ойлайсыз?

– Білетін болсаңыз, Зеленский президент болардың алдында оның қатысуымен «Слуга народа» деген фильм шыққан еді. Бұл оның сол кезде-ақ билікке келуге белді бекем буғанын білдіреді. Ашығын айтқанда, аталған туынды тапсырыспен жасалған  сайлауалды насихаты десек болады.

Содан кейін тақты тізгіндегенінде Ресеймен арада соғыс басталды. Сол кезде шегініс жасар деп топшылағанмын. Бірақ ол қайыспай, алып державаға қарсылық танытты. Бұдан түйгенім – адам тұлға болу үшін оның әртіс не шопыр болуы немесе жауырыны қақпақтай, иығының тоқпақтай болуы да  міндет емес екен. «Ұлтты сүйю мінезден» деген қағиданың теріс емес екеніне сол кезде көз жеткіздім.

Егер сұрауыңызға сай айтар болсам, бізде де өнер адамдарының ішінде көш бастауға лайық, көреген азаматтар жетерлік. Мысалы,  өнердегі бауырым Нұржан Төлендиевті тәуір көремін. Досқа адал, еңсесін ешқашан түсірмей тік жүреді, сахнадан да түспейді. Анығын айтқанда, өз миссиясын орынды атқарып келе жатқан азамат. Бірақ, ол «саясатқа жолағым келмейді» дейді. Өзін толықтай өнерге арнағысы келеді. 

– Қазіргі әзіл-оспақ театрлары осып салудан гөрі, отбасы мен ошақ қасынан  аспайтын әңігімеге үйір болып кетті дейтіндер бар. Тәжірибесі қалыптасқан әртіс ретінде бұған не айтасыз?

– Қазіргі таңда тұщымды әзіл айтудың да қиынға соққаны белгілі. Себебі, сіз бен біз айтып отырған саясатқа басын ауыртқысы келмейтін адамдар бар. Оның үстіне қазір бәрі жылдам болып кетті ғой. Тіпті, инстаграмдағы бейнежазбалардың өзі бір минуттан аспайды, одан асса ауыстырып жіберетініміз тағы бар. Әсілінде, әзіл-сықақ дегеннің арнасы кең, бір минутқа сыймайды. Ал қандайда бір шенеунікті мінеп-сынау – ол сықаққа жатпайды.  

– Алмат Сақатовтың мықты асаба екенін де жақсы білеміз. Сіз байшыкештердің ғана тойын өткізесіз бе, әлде қолқа салған жұрттың қуанышына да ортақтасып тұрасыз ба?

– Мен жуырда жалғыз қызын ұзатқан отбасының тойын басқардым. Егер аузымды арандай ашып, шақырған жерге бармай қойсам, сондық  төрт сағат уақытым үйде текке өтетін еді. Немерелерімнің қажетіне жарайтын азын-аулақ тиын тапсам да қайда жатыр?! Ал жағдайы бар, қалтасы көтеретін әулет болса, тиісті бағамды айтамын.

– Немере демекші, кезінде тентек болғаныңызды алға тартып, «жақсы бала, жақсы әке бола алмадым, жақсы ата болатын шығармын» деген едіңіз...

– Мен өлген соң немерелерім соңымнан «атам мынадай адам болып еді!» деп мақтану үшін әкімнің орынбасары немесе Мәдениет басқармасының басшысы болып отыруға тиіс емеспін. Біреуге жағымсу деген тіптен табиғатыма жат. Тапқан-таянғанымды бала-шағамның алдына тосып, барға қанағат жасап, «табандарына кірген шөгір маңдайыма қадалсын» деп тілеуін тілеп отырсам, жаман ата болмаспын деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан – Динар Камилова.

Тегтер: