Жала ма, шындық па? Әртістер Алмас Кішкенбаевқа қатысты пікірін айтты

Алмас Кішкенбаев «жасөспірімнің ұятты жеріне қол жүгіртті» деген ақпар тарағалы желідегі жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі әншінің әжесінен алған жақсы тәрбиесін алға тартып «жала жабылды» десе, енді біреулер әншінің әлгіндей әрекет жасағанына сеніп, оны жерден алып, жерге салуда.
Кішкенбаевтың өнер әлеміне самғатқан продюсері Ләйлә Сұлтанқызы да болған жағдайға қатысты желі арқылы пікір білдірді.
Шәкіртінің абыройына алаңдаушылық танытқан тележүргізуші: «Шыққан жерін білетіндіктен, анасын, алған тәрбиесін көргендіктен, өз басым жамандыққа қимаймын. Рас болса, қашып кетпесі анық, жауапқа тартылады. Өтірік, жала жабылған болса, 17 жастағы бала ата-анасымен бірге кешірім сұрап, іс жабыла сала ма? Ал айрандай төгілген Алмастың абыройы ше?», – деп жазды.

Осы ретте біз де Алмастың өнердегі өзге әріптестеріне шығып көрдік.
Алғаш болып өткен жылдың соңында Алмаспен бірлесе «Айтатын саған, сырым бұл» әнін дуэт болып орындап шыққан Әнші Құралай Мейрамбекке хабарластық. Тұтқаны көтерген өнер иесінің Манарбек есімді директоры қойған сауалымызды соңына дейін тыңдамастан «Қызық емес» деп тұтқаны қоя салды.

Ал «Бес жұлдыз» тележобасында бірлесе ән шырқаған Zira есімді өнер иесі болған жағдайдан мүлде хабарсыз болып шықты. Десе де сахнадағы жұбы жайлы ойын ортаға салудан бас тартқан жоқ.
«Біз бір сахнада бірге өлең айтып шыққанымызбен, репитиция кезінде ғана бір-ақ рет кездесіп, сөйлескен адам екенбіз. Сондықтан ол кісіні жақын білмеймін. Бірақ ондайға баратын кісі деп ойламаймын. Сенбеймін», – деп нүкте қойды.

Алмаспен бір сахнада жүрген әріптесі Салтанат Құдайбергеннің де пікірін білуге тырыстық.
«Алмас ағаның өнерін құрметтеймін. Өте талантты адам ғой. Ал жеке өмірі тұрғысынан білмейді екенмін. Ғаламторда айтылған жағдайға қатысты айта алмаймын. Себебі, жалған ақпарат та болуы мүмкін. Кейбіреулер қаралым үшін не істемей жатыр? Өзіміздің де басымызға аз тиіп жатқан жоқ. Қара пиар деген заманның талабы болып кеткен сияқты. Жұртты бір-біріне айдап салып жатқандар да бар. Сондықтан мен желідегі әңгімеге көп сене бермеймін», – деп қайырды Салтанат Құдайберген.

Зарина Омарова Алмасты бала күнінен білетінін алға тартты. «Егер әріптес есебінде айтар болсам, ондай артық-ауыс қылығын еш байқамаппын. Мен үшін ол өте тәрбиелі жігіт. Ондайға барады деген тіпті ойыма да кіріп шықпайды екен. Сондықтан өте қатты таңғалдым, тіпті Алмасты ондай әңгімеге мүлдем қимаймын. Ондай деп ойлаудың өзі ұят. Егер оғаш қылығы болса, осы уақытқа дейін естіген болар едік қой», – деп сөзін бастады.

«Әрине, кезінде отбасы болды, сосын белгілі бір себептерге байланысты ажырасты. Алда жақсы қыз табады деген үмітте болғанбыз. Себебі, арада ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта сахнаға оралып, түрлі жобаларға қатысып жүрген. Бірге өнер көрсеткен ортада жүздесіп те қалдым. Көрген жерде сыйлап, құрақ ұшып тұрады. Мен де соған сай әпкелік қолдау білдіріп отыратынмын. Сондықтан жағдайды алғаш естігенде пранк немес жалған өсек шығар деп ойладым. Қалай болған күнде бәрі дұрыс жағынан шешілсін деймін. Егер рас болса, құзырлы органдар әділ шешім шығарады деп сенемін», – дейді Омарова.
Айта кетейік, Алмас Кішкенбаев 17 жастағы ер балаға «емеурін танытты» деген айыппен Алматы қалалық полиция бөлімшесіне жеткізілген. Бұл туралы журналист Михаил Козачков телеграм арнасы хабарлады. Соңынан Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпардың рас екенін растады. Қазір 17 жастағы жасөспірімнің арызына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.