Алмалы ауданы: аулалар абаттандырылып, гүлзарлар көгалдандырылады
Таяуда Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданның дамуы және тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде ауданның негізгі мәселесі – электрмен жабдықтау. Мәселені шешу үшін 2022-2023 жылдарға арналған қаланың электр жүйесін жаңғырту жобасы іске асырылып жатыр. Алмалы ауданы бойынша екі жыл ішінде резервтік қуаттарды 10 кВт-қа дейін ұлғайта отырып, 156 шақырым ескірген кабельдік желілерді ауыстыру және 13 тарату және 195 трансформаторлық қосалқы станцияларды қайта жаңарту көзделген.

Бүгінгі таңда 55 шақырым кабель желісі ауыстырылып, 8 тарату және 42 трансформаторлық қосалқы станциялары жаңарды. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша ауданның электр желілерінің орташа тозуы 70-тен 56 пайызға дейін төмендейді. Шамадан тыс жауын-шашын кезінде су басу қаупі ауданда өзекті болып тұр. Аудан бойынша тұрақты су басудың 12 учаскесі анықталды. Төтенше жағдай желісі бойынша түйткілді шешу үшін жыл соңына дейін Мақатаев көшесінің бойындағы 3,6 шақырым коллекторды қалпына келтіру, 2,3 шақырым арық желілерін және Райымбек даңғылының бойына 1,6 шақырым канал салу қарастырылған.
Сонымен қатар, күз айларында 52 учаскеде 34 шақырым арық желісін қайта құру және салу жұмыстары басталып, 2024 жылдың соңына дейін жалғасады. Жолдардың пайдалану сипаттамаларын жақсарту үшін жалпы ұзындығы 4,7 шақырым 8 көшені орташа жөндеу аяқталды, сондай-ақ 14 мекенжайда тротуар желісінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылдың қараша айына дейін жалпы ұзындығы 10,2 шақырым болатын тағы 10 көше қосымша орташа жөнделетін болады.
«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 22 үйде 57 лифт ауыстырылды. Жыл соңына дейін 3 үйде тағы 8 лифт ауыстырылмақшы. Сондай-ақ, ескі үйлерді реновациялау бағдарламасы бойынша биыл Сейфуллин-Төле би, Шәріпов-Шевченко көшелеріндегі 4 үй тұрғындарының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Тарихи бірегейлікті сақтау үшін ағымдағы жылдың басынан бері 10 шағын қабатты тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді.

Бүгінде Алматы қаласының Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанып отыр. Аудан әкімінің орынбасары Сапар Нұрашевтың пікірінше, бұл мақсатта қатты тұрмыстық қалдықтар көмілген үш алаңқай орнату, алаңдарды көгалдандыру және суару жүйелерін орнату, 4 жаңа қоғамдық аймақ құру және 21 ауланы жөндеу жұмыстары жүзеге аспақ. Қазір Алмалы ауданында 7 жоба аяқталды. Атап айтқанда, «АРО» скверінде автоматты суару жүйелері орнатылып, Бөгенбай батыр бульвары, Шевченко көшесі қиылысы абаттандырылды. Сондай-ақ, «АЗМТ» алаңқайында иттерді серуендетуге арналған арнайы орын пайда болып, 37 аула жөнделді. Алда 27 жоба жүзеге асса, ауданда қосымша екі қоғамдық кеңістік пайда болмақ. Бұл Төле би көшесінің бойындағы ААМЖЗ Гагарин көшесінің қиылысындағы саябақ және Бөгенбай батыр көшесінің бойындағы Байтұрсынов көшесінен Досмұхамедов көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер аймағы. Мұнымен қоса, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нұрмақов көшесі, 81 мекен-жайында орналасқан балалар алаңы салынды. Сонымен қатар, ауданды сәндік-гүлді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 8 мың 311 шаршы метрге гүлзар отырғызылды.
Жолдар жөнделіп, бағдаршам орнатылады
Алмалы ауданында жолдарды, тротуарларды жөндеу жұмысы әлі жалғасын тауып, қосымша бағдаршамдар орнатылмақшы. Аудан әкімінің орынбасары Сапар Нұрашев 2022 жылдың басында жалпы ұзындығы 12,6 шақырым болатын 11 мекенжайда жөндеу жоспарланғанын, оның 6-ында жөндеу жұмыстары аяқталғанын айтқан болатын. Мысалы, Байғанин көшесінде Жамбыл көшесінен бастап тұйық жолға дейінгі шекаралардағы; Маршак көшесі (Абай даңғылынан Шәкәрім көшесіне дейін), Байтұрсынов көшесі (Абай даңғылынан Құрманғазы көшесіне дейін); Бекетов көшесі (№ 23 үйден Тілендиев көшесіне дейін); Артем көшесі Брусиловский көшесінен Тұрғыт Озал және Нұрмақов көшелеріне дейінгі аралығындағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Қазір Қабанбай батыр көшесінде Қожамқұлов көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін және Шагабутдинов көшесінде (Абай даңғылынан Жамбыл көшесіне дейін, Қарасай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін) жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ұзындығы 1,3 шақырым болатын 14 мекенжайдағы тротуарлар мен жаңаларының құрылысы қайта жаңғыртылды. Былтыр басталған 13 бағдаршам нысандары құрылысыны жетеуі пайдалануға беріліп, қалған алтауы 2022 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.