«Алланың жазасынан қорқамыз»: Нұрайдың өліміне күдікті жігіт блогерлердің туысы болып шықты
Танымал блогерлер, ерлі-зайыпты Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті адамның өздеріне туыс екенін растады.
Астана, NEGE. Мағжан Аймаханның айтуынша, күдікті Шерхан Аймахан оның әкесінің інісінің ұлы болып келеді.
«Иә, Шерхан Мағжанның әкесінің інісінің баласы. Біздің туысымыз. Ешбір ата-ана баласының қатыгез, зұлым болып өсуін қаламайды, ондай ой ешқашан ойына да кірмейді. Сондықтан бұл жағдай бізге де өте ауыр тиіп отыр. Ешкім өз қызынан айырылып, оның біреудің қолынан қаза тапқанын қаламайды. Бұл жағдай екі жақтың да ата-анасы үшін өте ауыр. Мұндай қайғыны ешкімнің басына тілемейміз. Алла сақтасын осындай жағдайдан», – деп айтты олар.
Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан бұл қылмыстың қатыгездікпен жасалғанын мойындап отыр. Айтуларынша, отбасы мүшелері Шерханды ақтауға тырыспайды және соттың әділ үкім шығарып, лайықты жаза тағайындауын қалайды.
«Кейбір адамдар блогермен туыс болса, іс әділ шешілмей қалуы мүмкін деген ақпарат таратып жатыр. Біз ең алдымен Алланың жазасынан қорқамыз. Бұл жағдайды ақтап алуға бір грамм да ойымызда жоқ. Бұл өте зұлымдықпен жасалған қылмыс.
Өкінішке қарай, қанша жылға сотталса да, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орны толмайды. Сол себепті шын жүректен дұға етеміз, Алла жеңілдігін берсін деп тілейміз және Нұрайдың ата-анасына қайғыра көңіл айтамыз. Әулеттің үлкендері де барып, көңіл айтып, Құран бағыштап қайтты», – деді блогерлер.
Айта кетейік, қанды қылмыс 11 қаңтар күні кешкілік Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында жасалған. 21 жастағы Нұрай Серікбай есімді қызды танысы 11 жерінен пышақтап кеткен.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен 10 шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.