Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы: Мыңдаған көрермен таңғажайып дрондар шоуының куәсі болды

«Әлия – ғұмыр» атты шараға облыс әкімі Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты.
Алматы, NEGE. Көпшілікке айырықша әсер қалдырған визуалды бейнелер шоуы аңыз тұлғаның мерейтойын атап өтуде ұмытылмастай әсер сыйлады.
Мерейтойдың басты салтанаты «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтті. Көпшілік керемет кештің куәсі болды. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақыртумен келген эстрада жұлдыздары мен әртістер өнер көрсетті. Аллаберген Жақсыбаев, Рита және Дулат Айтжановтар, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Марат Әйтімов, Әлихан Зейнолла және өзге де өнерлі жерлестеріміз бар. Жұлдыздар саханаға шықпас бұрын, телекөпір арқылы байланысқа шығып, ақтөбеліктерге жылы лебіздерін арнады. Содан соң, өнер иелері сахнада көптің жүрегін жаулаған сүйікті әндерді орындады.

Көпке танымал әнші Садраддин, қазақ өнерінің аңызға айналған тұлғасы Роза Рымбаеваның ән шырқауы мереке көркін одан әрі қыздырды. Садраддин «Үйге», «Қанша күн?», «Бақыт», «Жауап бар ма?» көпке белгілі хит әндерін орындаса, халық әртісі Роза Рымбаева көрерменнің сүйікті «Любовь настала», «Сол бір кездер», «Шақырады көктем», «Балдәурен» әндерін шырқады. Кеш әншінің орындауындағы батырлықтың нышанын әспеттейтін «Әлия» әнімен қорытындыланды.
Ал Ақтөбе аспанына синхронды түрде көтерілген 550 дана дронның шоуы таңғажайып көріністерді бейнеледі. Көпшілік Әлия Молдағұлова, Димаш Құдайберген, Ақтөбе өңірінің көрікті жерлерін және өзге де визуалды композицияларды тамашалады. Ел байрағы көрсетілгенде, 40 мыңнан аса көрермен Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады. Жарық шоу лазермен және әсем әуендермен сүйемелденді. Дрондар шоуын Aspan Galaxy ұсынды.

Жыл басынан бері Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар тарихымыз бен мәдениетіміз үшін бірлік пен мақтаныштың нағыз символына айналды. Екі күнге жалғасқан мерейтойлық шаралар ауқымды бағдарламамен аяқталды. Оның аясында спорттық жарыстар, мерекелік концерттер, театрландырылған қойылымдар және Батыр ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтті. Бұл шаралар облыс тұрғындары мен қонақтардың басын біріктірді, жастарға рух берді және баршаға қазақтың мерген қызының ұлы өшпес ерлігін еске салып, оның келер ұрпаққа мәңгілік бағдар болып қала беретінін көрсетті.
Әлия Молдағұлованы ұлықтау және оған деген құрмет ақтөбеліктердің жүрегінде мәңгіге сақталмақ, ал мерейтойлық іс-шаралар жерлесіміздің өшпес мұрасының жарқын айғағына айналды.