1 Наурыз 12:31
...

АЛҒЫС айту күні: ӨНЕР жұлдыздары не дейді?

Фото:

Бүгін – Алғыс айту күні. Осы күні жұрт бір-біріне алғыс айтса, кейбіреулер мұны қате санайды. «Өзге ұлттар тек қазаққа алғыс айтатын күн» деп есептейді. Жаратқанға, әке-шешемізге, ағайынға, дос-бауырға, мемлекетке ағыс айтсақ, оның несі айып?

NEGE тілшісі өнер саласында жүрген жұлдыздарға хабарласты.

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткеріәнші:

Халқыма алғысым шексіз!

– Егемен еліңнің болуы, азаматын сүйер ұлтыңның болуы – үлкен бақыт. Мені осындай бақытқа бөлеген халыққа деген алғысым шексіз.

Қазақ халқы небір нәубатты басынан кешірсе де, жойылып кетпегені үшін Аллаға сансыз мадақ айтамын. Одан кейін ақ жаулықты аналарамыз бен  бала кезімізден тәлім-тәрбие беріп, біліп көкжиегімізді кеңейткен ұстаздарыма шексіз алғыс білдіремін.

Біз солар салып берген сара жолмен жүргендіктен, бүгінгі күні өзіміз де мыңдаған шәкірт тәрбиелейтін бақытқа қол жеткіздік. Өнер жолымда Қыдырәлі болып қалыптасуымда тыңдармандарымның алар орыны ерекше. Сондай-ақ өмірде  жетістікке жету жолымызда  көптеген адамдар қол ұшын берді. Сол жардарға үнемі іштей  тілеулерін тілеп отырамын, соларға үлкен алғыс айтамын.

Жәудір САРЫПБЕКОВА, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, актриса:

Алғысты алдымен күйеуіме айтамын

– Мен алғысымды алдымен жұбайым Русланға айтамын. Өмірде де, өнерде де бірге жүргендіктен, әрдайым мені қолдап, қолпаштап отыратын сол ғой. Тұмауратып қалсам да сауығып кетпейімше, жанын қоярға жер таппайды.

Арасында көрсетіп қоятын еркелігімді де көтереді. Осындай адал жар берген Аллаға мыңда бір шүкір деймін.

Туған әпкем Мөлдір Балтабайқызына да алғыс айтамын. Арамыз бір жарым жас қана. Сонда да үнемі қамқорлық танытып, кемшілігім болса жасырып, артықшылығым болса асырып отырады. Бүгінгі мерекеде ағайын-туыстарыма жағалай хабарласып, алғыс айтып шықсам деймін. Одан кеңімесек, кеміп қалмасымыз анық.

Карина АБДУЛИНА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Әке-шешеме разылығым шексіз

– Мен әрқашан маған өмір сыйлаған ата-анама алғыс айтамын. Дүние есігін ашып,  адам болып қалыптасу деген ғажайып дүние. Сондықтан осы жолда аяққа тұруыма септігін тигізген сол жандарға ризылығым шексіз.

Зарина ОМАРОВА, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:

Құтқарушыларға алғыс айтамын

– Көбісі күнделікті өмірде ата-анасы мен жарына алғыс айтып жатады ғой. Бізді шексіз махаббатқа бөлегендіктен, алдымен бұл жандарға разы екеніміз кімге болса да анық.

Бірақ мен ең алдымен Түркиядағы зілзаладан соң  бүкіл әлем алдында ерлік жасаған құтқарушыларға алғыс айтамын.

Бауырлас Түркия елінде болған табиғат апатында қатерге бастарын тігіп, күн-түн демей жүгіріп, үйінді астынан қанша адамды құтқарып алуға ат салысты. Бұл – нағыз ерлік. 

Мақсат БАЗАРБАЕВ, «МузАРТ» тобының бұрынғы мүшесі, әнші:

Алғыс айту арқылы айналамызға жылу сыйлаймыз

– Менің әуелі Аллаға, содан кейін өнерімді бағалап, алақанында аялған халыққа алғысым шексіз. Ата-анам мен бауырларыма, туған-туыстарыма да алғыс білдіремін. Ұрпақ сыйлап, мені әке атандырған жарымды да бұл қатардан қалыс қалдырмаймын.

Бұл – өте жақсы мереке. Себебі, алғыс айту арқылы айналамызға жылу силаймыз. Адамдарды бір-бірімен жақындастырып, сыйластықты арттырады.

Бұл күні сыйлық бергенде артық болмайды деп ойлаймын. Шариғатта да сыйлық адамдарды жақындастыратыны айтылады ғой. Мойындауымыз керек, қазіргі уақытта алғысты қойып, сәлемдесуден де қалып бара жатырмыз. Көрші-көршімен аралас-құралас болғанды да қойды. Бұрын арада алыс-беріс жүре беруші еді, қазір ондайды намыс көреді. Сондықтан осы дәстүрді ары қарай дамытып, бір-бірімізге үнемі алғыс айтып жүрсек, қоғамда мейірім орнайды деп сенемін.

Тегтер: