28 Мамыр 14:08

Алғашқы классикалық жастар альбомы жарық көрді

тұсаукесер
Фото: З. Алтынбаеваның жеке мұрағатынан

 Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында «Дала әуені: Қазақ классикалық музыкасына саяхат» атты Қазақстан композиторлары шығармаларынан құралған алғашқы жастар альбомының тұсаукесері өтті.

Жобаның көркемдік жетекшісі сопрано дауыс иесі, Абай атындағы ҚазҰТОБ жетекші солисі, «Құрмет» орденінің иегері – Зарина Алтынбаева.

«Жобаға 2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан және халықаралық дәрежеге шығуды жоспарлап отырған «Zarina Altynbayeva Youth Music Competition» балалар байқауының лауреаттары қатысқан. Жас дарындар үшін бұл жаңа тәжірибе, жаңа белес болмақ. Атап айтар болсам, жазбаның ең жас қатысушысы жақында 10 жасқа толды. Менің ойымша, осы дарынды балалар біздің ізбасарларымыз және Қазақстандағы музыкалық интеллигенцияның жаңа ұрпағын қалыптастырушылар болады», – дейді З. Алтынбаева.

тұсаукесер
З.Алтынбаеаның жеке мұрағатынан

Тұсаукесер барысында альбомға енген шығармаларды орындайтын жас музыканттардың қатысуымен концерт өтті. Сонымен қатар қонақтар фотосуретші Николай Постниковтың тамаша портреттер көрмесін тамашалай алды.

Тұсаукесер
З. Алтынбаеваның жеке мұрағатынан

Альбомға пианист Айторе Азаматұлының орындауындағы «Дала» (Н.Мендіғалиев), жас скрипкашы Інжу Самсалиеваның орындауындағы «Романс» (А.Жұбанов) шығармасы, Анна Юденичтің Л.Хамидидің өңдеуінде «Елігай» атты қазақ халық әні, скрипкашы Сағадат Омарғазиннің «Ария» (А.Жұбанова) күйі енген. Сондай-ақ Зарина Алтынбаеваның 2019 жылы өткізген алғашқы байқауының Гран-при иегері скрипкашы Рамазан Көпбаев С.Жүсіпованың өңдеуімен «Япыр-ай» әнін, ал жас баритон Марғұлан Молдабеков Б.Ерзаковичтің «Қараторғай» әнін тамаша орындаған. Скрипкашы Назерке Мәдиниет «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (Е.Брусиловский) балетінен соло ойнайды. Мұнымен қатар жас пианист Ашот Мхитарян Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Гүлжан Өзенбаеваның «Токка» әнін, Адина Болат талантты композитор Раушан Қалидің фортепианолық өңдеуінде Естайдың «Құсни-Қорлан» әнін шырқайды.

Альбом ірі музыкалық платформаларға жүктеледі.