1 Сәуір 12:59

Алғашқы кездесуде ол мені сүйіп алды: Бишімбаев Нүкеновамен қалай танысқанын айтып берді

Бишімбаев, Нүкенова
Фото: ғаламтордан

Бүгін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Астана, NEGE. Сот барысында Қуандық Бишімбаевтан жауап алынды.

Қуандық Бишімбаев сот залында Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын баяндады. Алғаш рет Салтанатты Instagram желісінен көргенін айтты. Бишімбаевқа әріптесі «Астанадағы ең мықты астролог» деп Нүкенованы көрсеткен. Оның қабылдауына жазылғысы келген, алайда оның ер адамдарды қабылдамайтынын біледі. Бишімбаев біраз уақыт Нүкенованың әлеуметтік желідегі парақшасын бақылап жүреді. 

«Парақшасын ақтарып отырып, оның жігіті барын білдім. Кейін әріптесім оның сөз байласқан адамы бар екенін, олардың жарты жылдай жүргендерін, енді үйленетіндерін айтты. Мен оларға қарап, «адамдар бір-бірін тауып қосылғаны қандай керемет» деген сезімде болдым. Осылайша менің қызығушылығым тек сырттай болды. Оның жазбаларын қарап жүрдім», – деді Бишімбаев. 

Кейін Салтанаттың сүйіктісімен айрылысып кеткенін, ешқандай тойдың болмайтынын білген. Кейін Бишімбаев құрбысын ортаға салып, қабылдауына жазылған. Екеуін алғаш рет телефон арқылы құрбысы сөйлестіреді. Сол кезде олар жеке қабылдау туралы келіседі. Алайда Нүкенова Бишімбаевты біраз уақыт қабылдағысы келмей жүрген. Сосын Бишімбаев Нүкеноваға: «Шындығында астрологиядан хабарым жоқ, болжамдар да қызықтырмайды. Сіз маған ұнап қалдыңыз. Жай ғана кешкі асқа шақырсам, ары қарай қалай боларын көрерміз», – деп жазып жібереді. 

Бишімбаевтың айтуынша, кейін екеуі алғаш рет мейрамханада кездесіп, жеке өмірлері туралы сырласқан. Кейін оны үйіне дейін шығарып салады. Айтуынша, Нүкенова оны алғашқы кездесуде сүйіп алған. 

«Ұзақ уақыт сөйлесіп, әзілдесіп болған соң мен оны үйіне шығарып салдым. Сағат екі үштер шамасында кеш болды. Жанымызда жүргізуші болды. Жолда алкогольдің әсері ме, әлде шынымен мені ұнатып қалды ма білмедім, бір қарасам, ол маған тіптен жақын келіп, мені сүйіп алды. Енді танысқандықтан мұндайды мүлде күтпедім. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз. Ол маған сезімі бар екенін көрсеткендей болды. Сол себепті үйіне кірерде келесі кездесуімізді жоспарладық», – деді Бишімбаев.