Альфонсқа алданған қыздар НЕГЕ көбейіп барады? – Алданған арулардың мұңы

Жақында Айша есімді 26 жастағы қыздың өлі денесі қаладағы пәтерлердің бірінен табылды. Ресми мәліметке сенсек, оны өзінің 19 жастағы жігіті өлтірген.
Қылмыстың себебін марқұмның әпкесі Әсия Хамит былай баяндап берді: «Қызды өлтірген – Нұрмахан деген қанішер. Қызға екі миллион теңгеден астам кредит алғызған. Ол «қайтармаймын» деген соң Айша «ата-анама айтамын, полицияға арызданамын» деген».
Туыстарының айтуынша, қызды алдымен буындырып өлтірген, кейін денесін полиэтилен пакетке орап сөмкеге салып, аулаққа апарып тастамақ болған...
Бұл оқиғадан не түюге болады? Сенген жігітіне кредит алып беріп, артынан қу тізесін құшақтап қалып, кредит төлеп жүрген қыздар аз емес. Өкінішке қарай, әйелдің ақшасына өмір сүргісі келетін жігіттер көбейіп барады. Мұндайларды тіпті жігіт деп айту қиын.

Альфонс жігітке алданған қыздың бірі – Сымбат. Ол бізге өзі алданған оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді.
– Біз ең алғаш танысқанда ол өзін мәдениетті, пайымды, адамгершілігі бар адам ретінде көрсетті. Танысқан күні-ақ кездесуге шақырды. «Өз фабрикам бар, бизнесменмін» деді. Арамызда ұшқын пайда болып, жарты жылдай кездесіп жүрдік.
Бәрі жақсы басталған еді, бір күні ол маған «бизнесім тығырыққа тірелді, қарызға ақша бере тұршы» деді. Махаббаттан басым айналғаны соншалық, өмір бойы жинаған 80 миллион теңгені қалай бере салғанымды білмеймін.
Ол ақшаны ала сала, ұшты-күйлі жоқ болды. Полицияға арыз жаздым. Сотта ол «бес балам бар, түрмеде отыруға денсаулығым жарамайды» деп жазаны жеңілдетуге тырысты. Оның нағыз алаяақ екенін кеш түсіндім, – дейді Сымбат.

Бір қызығы, бұрын альфонс жігіттер тек көлігі, пәтері, ақшасы бар егде әйелдерге көз салатын. Қазіргілер жас талғамай алдайтын болған. 20 жастағы Айсауленің басынан өткен оқиға осыңан мысал.
– Құрбымның туған күн кешінде бір жігітпен таныстым. Алғашқыда ол апта сайын құшақ-құшақ гүл сыйлап жүрді. Қыдырып шықсақ, ақшасын аямайтын. Араға 3 ай салып маған алтын жүзік сыйлап, тұрмыс құруға ұсыныс жасады. Келісім бердім. Оны өзімнің болашақ жарым ретінде қабылдай бастадым.
Кейін ол «жұмысымда қиындықтар туындап қалды, қарызға ақша бере тұршы» деді. Өз күнімді өзім әрең көріп жүргенімді, ақшам жоқтығын айттым. Ол банктен төрт миллион теңге несие алуымды сұрады. «Өзім төлеймін. Маған кредит алуға болмайды, білесің ғой заң саласында жұмыс істеймін. Жаным, біз енді бір бүтінбіз, алып берсең болды, өзім жабамын» деген соң тәуекелге бел буып, кредит алдым.
Кредит алған соң да жақсы сөйлесіп жүрдік. Бірінші ай ақша жіберіп, өзі төледі. Екінші айдан бастап сылтауы көбейді де, артынан жоқ болды. Мені барлық жерден қара тізімге енгізіп, нөмірін өзгертті. Осылайша сау басыма сақина тілеп алдым. Ата-анама айтуға ұяламын. Жүйкем тозып, сабағым нашарлап барады. Жігіттерге сенуден қалдым. Енді ешкіммен сөйлеспеймін, – дейді Айсауле.
27 жастағы Айнұр Бекарысованы жігіті «ақша бермесең өлтіремін» деп, ұрып-соққан. «Егер полицияға шағымданатын болсаң, ашық-шашық фотоларыңды әке-шешеңе жіберемін, интернетке саламын» деген. Әбден қорыққан қыз өз атынан несие алып, ақшаны әлгінің қолына ұстатқан...

Өкінішке қарай, мұндай оқиғаларды көптеп мысал етуге болады. Бұған қатысты псхологтар не дейді? Психологтардың айтуынша, альфонстарды іс-әрекетінен тануға болады екен. Мәселен, психолог, коуч Дария Ескендірова бүй дейді:
– Өздерін төмен бағалайтын қыздар альфонстардың арбауына тез ілігеді. Себебі, менен басқа ешкім ол жігітке көмектесе алмайды деп ойлайды. Ал альфонс алғашқыда қыздың көзінше мінсіз еркек болып көрінуге тырысады. Ақша береді, қамқорлық көрсетеді, сенімге кіру үшін уақытының барлығын сол қызға арнайды. Тіпті, таңғы асына дейін дайындап береді. Үнемі мақтап, еркелете береді. Мақтау кімге ұнамайды?
Әбден сенімге кірген соң алыстай бастап, көңілін пәс етіп көрсетуі мүмкін. Оны көрген қыз себебін сұрайды. Міне, осы кезде альфонс әлгі қыздың басын айналдырады. Қызды сендіру үшін неше түрлі нәрсе ойлап табады. Жол апатына түсіп қалғанын немесе түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтады, тіпті «шешем қал үстінде жатыр» деуі мүмкін.
Альфонс арбауындағы қыздың ақша бермейтініне көзі жетсе, өзі-ақ жоқ болып кетеді. Қыздарға айтарым, жігітпен жүрмес бұрын ұзақ ойланып, әрекеттерін бағалау қажет. Бір нәрсені ескеру маңызды: нағыз еркек проблемасын айтып, қыздың басын қатырмайды және ешқашан ақша сұрамайды.
Сонымен қатар, Дария Ескендірова альфонсқа алданған арулардың кейін еркек атаулыдан көңілі қалып, ешкімге сенбейтін жағдайға жететінін айтады.
«Альфонсқа алданған қыз-келіншектер өмірден түңіледі. Олардың өмірінде қанша жерден жақсы жігіт кездессе де, жүрек түпкірінде сенімсіздік бұғып тұрады. Олармен тілдесіп, сырласып, өмірде шынайы махаббатың бар екенін түсіндіру қажет», – дейді.

Тағы бір қызығы, альфонстарды асырауды ұнататын қыз-келіншектер қауымы бар. Мұндайлар көбіне егде әйелдер. Мысалы, Тамара Скибина өзінен 20 жас кіші еркекті асырау үшін жиған-тергенінің бәрін сатқанын айтады.
– Ғашық болдым. Үйімді де, пәтерімді де сол жігіт үшін сатып, қалағанының бәрін бердім. Көп қисынсыз әрекеттерін кешірдім. Ақыр соңында бәрібір айрылысып кеттік. Өкінбеймін. Себебі жағдайым бар. Бір өкініштісі, жылуы жоқ үйге кіргім келмейді», – дейді ол.