USD
USD
USD

Әл-Фарабиге арналған ескерткіш тақта ашылды

Израильдің Хайфа қаласында туғанына 1150 жыл толған ұлы философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. 

Әл-Фарабиге арналған ескерткіш тақта ашылды
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Салтанатты шараға Қазақстанның Израильдегі Құрметті консулы Дэвид Люксембург, ғалымдар, ЖОО басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында Қазақстанның Израильдегі елшісі Сатыбалды Бұршақов сөз сөйледі. «Шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр. Ол - тек қазақ халқы ғана емес, әлем елдері үшін де атаулы мейрам. Сондықтан, осынау тарихи қалада ұлы ойшыл атындағы көше бойында ескерткіш тақта орнатылды. Бұл - әл-Фараби бабамызға деген құрметіміз», - деді елші.

Салтанатты шараға онлайн режимде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов та қатысты. «Ұлы бабамыздың философиясы бізге және келер ұрпаққа үлкен мұра. Біз әл-Фарабиді тану арқылы әлемді танимыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұлы ойшылдың өсиеті арқылы елііздің болашағын, жастарды тәрбиелеп отырмыз», - деді ол. Салтанатты рәсімге Халықаралық Түркі академиясының президенті, академик Дархан Қыдырәлі әл-Фарабидің адамзат руханиятындағы орнының ерекше екенін, сондықтан тарихи Хайфа қаласындаға ғұламаға арналған ескерткіш тақта орнатылуы еліміз үшін құрмет екенін атап өтті. «Әл-Фарабидің әлеуметтік философ ретіндегі маңызы зор. Оның әйгілі «Ізгі қала туралы» трактаты алдыңғы ұрпақтардың рухани-философиялық тәжірибесін сіңіріп қана қоймай, Батыс Еуропадағы әлеуметтік ойдың, әсіресе утопиялық философтардың дамуына айтарлықтай әсер етті. Аристотельден кейінгі екінші ұстаздың атындағы көше - достықтың көшесі болғай. Баршаңызды ерекше қуанышпен құттықтаймын», - деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетерлігі, Израильдің Хайфа қаласында әл-Фараби атындағы көше 1960 жылы ашылған. Еске сала кетсек, осыдан бір ай бұрын елордадағы Оқушылар сарайында әл-Фараби орталығы ашылған болатын. Астанадағы ғұлама ғалымның кеуде мүсінін Нұр-Сұлтан қалалық суретшілер одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Әріпов жасаған. 

Қазір оқып жатыр

«Қыз Жібектің» камзолы Баян Алагөзовада қайдан жүр?

Баян Алагөзова

Тоқаев: Біріккен Ұлттар Ұйымына түбегейлі реформа жасау керек

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ақтөбеде 20 күн бұрын жоғалып кеткен баланың денесі өзеннен табылды

Баланы іздеу

«Көліктер жүзіп барады»: Нөсер жаңбырдан Алматы көшелерін су басты

Алматы