28 Наурыз 21:59

«Әлеуметтік төлем мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы емес» – Вице-министр

Фото:

Еңбек саясатын дамыту туралы сөз болған кезде тұрғындарды жұмыспен қамтудан бөлек, әлеуметтік төлем алуға мәжбүр топтардың да мүддесі айтылуы қажет. Өйткені «Еңбек адамы» немесе қоғамның табысты бөлігі туралы айтылғанда қызметке жарамсыз боп қалған немесе жұмысынан айырылып қалған жандар мәселесі шет қалып жатады.

Осы мақсатта NEGE тілшісі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевқа аталған мәселеге қатысты сауал жолдаған еді.

– Биыл жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 33,5 мың адамды құраса, оның жартысына яғни 14,3 мыңына алғаш рет төлем тағайындалыпты. Бұл төлем тек eGov.kz пен enbek.kz-ке тіркелген жұмыссыз азаматқа беріле ме? Және қанша мерзім бойы төленеді? Ал арнайы тіркеуден өтпеген адамдарға ше?

– Негізі, тіркелудің үш жолы бар. Біріншісі – eGov.kz. Электронды биржада enbek.kz. Сосын қосымша Халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып, сол жерде офлайн түрде тіркелуге болады. Олардың мерзімі бір айдан алты айға дейін қарастырылған.

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүзеге асатын бұл әлеуметтік төлем үшін бюджеттен бөлінген қаражат қанша? Және ол қанша жұмыссыз адамды қамтуға жоспарланған? Төлемнің орташа сомасы қаншаны құрайды?

– Негізі ол мемлекеттік бюджеттен қарастырылатын қаржы емес. Осы ақшаны әрбір жұмыс істейтін адамға жұмыс берушілер фонд арқылы жібереді. Демек ол әрбір адамға қарастырылған.

Айта кетейік, жыл басынан бері жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 33,5 мың адамды құраған болатын. Бұл ретте биыл 14,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы жиырма төрт айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің қырық бес пайызына дейінгі мөлшерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.

Тегтер: