«Әлеуметтік өмірдің жаңғыруына жаңа серпін береді»
Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістерді дұрыс деп есептеймін. Өйткені бұған дейін бір адам президенттік мандатқа бір емес екі-үш рет сайланғанын көрдік. Мүмкін оның да жақсы тұстары бар шығар. Дегенменен президенттікке үміткерлердің бірнеше мәрте сайлана бермей, бір-ақ рет жеті жылға сайланғаны дұрыс. Конституцияға осыған байланысты өзгерістер енгізілді. Халықтың да ойы – осы.
Себебі, жеті жыл ішінде президент болған адам халық үшін, мемлекет үшін жасайтын бастамалары мен реформаларын жүзеге асыруға мүдделі әрі бекітілген уақыт жеткілікті. Халқымыздың және еліміздің күш-қуатының дамуы, мемлекет ретінде өркендеуі және әлемдік деңгейде өз салмағы бар ел болуымыз керек. Сондықтан Президент сайлауы, ашық өтуі тиіс.
Қазақстанның рухани және мәдени құндылықтарының дамуында бұл міндеттерді іс жүзіне асырудың саяси-экономикалық, ғылыми тұрғыда барынша тиянақты, сапалы механизмін жасаудың маңызы үлкен. Бүгінде діндердің бітімгерлік әлеуетін пайдаланып, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру қажет. Ал барлық діннің негізінде гуманистік идеалдар, адам өмірінің жоғары құндылықтары, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылу сияқты ізгі амалдар жатады.
Осы негізгі қағидаттар рухани салада ғана емес, сондай-ақ мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық саясатта да көрініс табуы қажет. Сол себепті ұлттық күйзелістер мен жаһандық дағдарыстарды еңсерсек, қоғамдық санамыздың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, әлеуметтік өміріміздің жаңғыруына жаңа серпін береді.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.