Әлемнің үздік 500 университетінің қатарына тек 3 қазақстандық жоғары оқу орны енген
Әлемнің үздік 500 университетінің қатарына тек 3 қазақстандық жоғары оқу орны (ЖОО) енген, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Нұр-Сұлтан, NEGE. 2020-2021 оқу жылының басында Қазақстанда 125 университет пен 4 филиал жұмыс істеген. Онда 576,6 мың студент білім алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6%-ға аз. Сондай-ақ оқуын тастап кеткен студенттер саны 1,9 есе немесе 115,2 мың адамға артқан. Оның ішінде 22,5 мың адам қаржылық қиындықтарға байланысты оқуын тастауға мәжбүр болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8%-ға көп. Премьер-министр сайтының мәліметінше, 2025 жылы жоғары оқу орындары кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын 100%-ға жаңартуы керек. Жоғары білім беру тиімділігінің көрсеткіші университеттердің дүниежүзілік рейтингке енуімен бағаланады. 2025 жылы QS WUR рейтингіне енген қазақстандық ЖОО-лар саны 15-ке артуы тиіс. 2021 жылдың басында QS World University Rankings рейтингісіне тек 13 қазақстандық университет енген. Әлемнің үздік 500 университетінің қатарында тек 3 отандық ЖОО бар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Сонымен қатар тағы 7 университет әлемнің үздік 1000 ЖОО қатарында. Ал 3 жоғары оқу орны: Академик Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті үздік 1000 ЖОО қатарында да жоқ.