17 Қаңтар 11:25

«Әлемдік қауымдастықтан көмек сұраймын» – Дина Таңсәрі мәлімдеме жасады

Немолчи
Фото: Коллаж NEGE

Кеше «Адам Құқықтарына назар: әйелдер мен балалар (Human Rights Focus: women and children) ұйымының бастамасымен өткен «Әйел дауысы» атты халықаралық онлайн-конференцияда бас қосқан құқық қорғаушылар, заңгер мамандар, сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбаны болған жәбір көрушілер сөз алып, Смайылованың үстінен қозғалған айыпқа қатысты пікірін білдірді.

Ішкі істер министрлігі «Немолчи.kz» қорының жетекшісі Динара Смайыловаға (Дина Таңсәріге) іздеу жариялап, оның үстінен 6 қылмыстық іс қозғалғанын жариялады.

Бұл жайлы ШҚО-ның полиция департаменті: «2023 жылдың 6 қазанында Өскемен қаласы Ертіс аудандық полиция басқармасы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады.

ІІМ бұл істі арызданушының өтініші негізінде қозғалғанын айта келе: «Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтындығы туралы жариялаған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық бойынша қылмыстық іс аясында биылғы жылдың сәуір айында Смайылова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Содан кейін ол қаза болған адамның отбасына көңіл айтып, бұл жағдайды жоққа шығарған полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғандығын және қыздың ауруханада жатқандығын мәлімдеген. Алайда, бұл жарияланымдардың барлығы жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ. Аталмыш кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Осыған қарамастан Смайылова жәбірленушінің адвокаты үшін ақша жинау туралы жариялап, сот процесі кезінде 20 млн теңгеден астам қаражат жинаған. Оның аз ғана бөлігін іссапар шығындарына төлеген. Алайда сотта адвокаттың қызметтерін жәбірленуші тараптың өзі төлегені белгілі болды, бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды», – деді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.

Алайда, халықаралық іздеу жарияланған Дина Смайылова ешқайда қашпағанын, Грузияға 2021 жылы денсаулығына қатысты қоныс аударғаны жайында әлеуметтік желідегі парақшасында ашық жазып жүр. Ол бұған дейін онлайн-конференция өткізіп, үстінен қозғалған іспен келіспейтінін айтып, тағылған айыпты жоққа шығарды.

Кеше «Адам Құқықтарына назар: әйелдер мен балалар (Human Rights Focus: women and children) ұйымының бастамасымен өткен «Әйел дауысы» атты халықаралық онлайн-конференцияда бас қосқан құқық қорғаушылар, заңгер мамандар, сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбаны болған жәбір көрушілер сөз алып, Смайылованың үстінен қозғалған айыпқа қатысты пікірін білдірді.

Дина СМАЙЫЛОВА, «Немолчи.kz» қорының жетекшісі:

Мен елден денсаулығыма қатысты кеткенмін

Дина Таңсәрі
Фото: Tengrinews.kz

– «Немолчи.kz» қорын қалай құрғаным туралы әр сұхбатта айтып келемін. Өзім зорлық-зорлық құрбаны болған соң, өзге де адамдарға психологиялық, моралдық, заңнама тұрғысынан көмек беруді ойлап, осы қорды ашып, жұмыс істеп келдік. 2017 жылдан бері қаншама адамға тегін көмек бердік. Біз мұны қайырымды адамдардың өз еркімен салған қаржысы арқылы жүзеге асырдық. Себебі, біз мемлекеттен ақша алмаймыз.

Соңғы 3 жылда 240 қылмыстың бетін ашып, оның ішінде 80 педофилия ісі, 240 құқық қорғаушының қызметін дұрыс атқармағанын әшкере еттік. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаған 7 жыл ішінде түрлі қоқан-лоққыға, оның ішінде қылмыстық қудалауға ұшырадым.

Соңғы екі жылда Грузияда тұрып жатырмын. Мұнда денсаулығыма байланысты қоныс аудардым. 23 қараша күні қордың есепшоты бұғатталды. Қазір қор салық төлемдерін төлей алмай қалды. Менің үстімнен 2021 жылы іс қозғалғанын да, үстімнен 6 қылмыстық іс қозғалғанын, маған іздеу жарияланғанын да 2023 жылдың 27 желтоқсан күні естідім. Мен ешқайда қашқан жоқпын. Біз мұнда 22 қараша күні халықаралық «Әлем зорлықсыз тамаша» тақырыбында конференция өткізбекші едік. Сосын бізге Грузияда жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, саяси баспана сұрауға мәжбүр болдық.

Іске қатысты түсініктемені онлайн беруге мүмкіндік жасамай отыр. Себебі, зорлық-зомбылық көрген адамдарға өз еркімен азын-аулақ ақшасын салған донаторларды арыз жазуға мәжбүрлеген. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы іс біткен соң 2 айдан кейін құқық қорғау органдарының ілік іздеп, маған кінә тағуы заңсыз. Мені 10 жылға бас бостандығыман айыру күтіп тұр. Сондықтан әлемдік қауымдастықтан көмек сұраймын.

Гүлнар ЖУАСПАЕВА, Дина Смайылованың адвокаты:

Донаторларды мәжбүрлеп арыз жаздырған

Гүлнар Жуаспаева
Фото: Informburo.kz

– Қараша айынан бері 2 рет Өскемен қаласының полициясында болдым. Іспен танысуға мүмкіндік бермеді. Сот тергеушісі құжаттың кейбірін ғана көрсеткені үшін шағым түсірдім. Мұнда жасөспірімдер ісіне қатысты іс қозғалып, сот шешімі шыққан. Бұл іске қатысты қажетті қаражат донаторлар есебінен төленген. Жиналған қаржы еріктілердің өз еркімен жиналған. Бұл ақша көмекке мұқтаж адамдарға психологиялық, заңдық көмек ретінде жұмсалды.

Сот шығындары үшін жиналған сома өкілдің қызметі үшін небәрі 622 539 теңге болды. Іс бойынша үкім заңды күшіне еніп, апелляциялық сотта қаралып, кінәлілер нақты жазаларын алды. Моральдық шығын 9 миллион жәбірленушінің пайдасына өндірілді. Сотталғандардың бірінің адвокаты Шығыс Қазақстан облысының прокурорына арыз жазды. Ол ақшаны жәбірленушінің пайдасына өндіріп алмау керектігін айтқан. Прокурор 16 қазанда Ертіс аудандық полиция бөліміне арыз жолдап, ол бірден баптың 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс ретінде тіркелген. Қордың 2017 жылғы тіркелген жарғысына сәйкес, ол басқалармен қатар зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қайырымдылық қажеттіліктеріне қаражат жинаумен айналысады. Жинақ осы құжат аясында жүзеге асырылады.

Қазан айында адвокат Қабдиевтің шағымы ескеріліп, дереу тергеу жүргізілді. Содан кейін ақша салған барлық донаторларды тексеріп, сұрай бастады. Олардың көбі бас тартса да, кейбірін шақырып Дина Смайылованың үстінен арыз жазуға мәжбүрлеген. Осылайша, оның үстінен заңсыз іс қозғалды. 2021 жылы 19 қазанда ол алаяқтық іс бойынша күдікті деп танылды. Оның үстінен іс қозғалғанын ескертпеген де.

2023 жылдың қараша айында қордың есепшоты бұғатталды. Оған іздеу салынды. Алайда, Дина Смайылова қоғамға әркез ашық болды. Қылмыстық жауапкершіліктен қашпады. 2021 жылы сәуірде ота жасату үшін Грузияға кетті. Бұл хабарды кейін естіді.

Азамат САГАЛ, адвокат:

Қор органдарға ұнамайтын сияқты

Сагал
Фото: ғаламтордан

– «Немолчи.kz» қоры арқылы заңнамалық құжатқа да өзгерістер енгізілді. Алайда, қоғамда зорлық көргендерге көмек беретін қор еліміздің құқық қорғау орындарына ұнамай қалған сияқты. Себебі, зорлауға ұшыраған адамдар полицияның дұрыс жұмыс істемеуі себепті, қиындықтарға тап болып, үлкен стресс алған. Дина Смайылова осы мәселелерді көтерді. Сондықтан сот орындары үлкен заңдық қателік жасап жатыр деп ойлаймын.

Хадиша ЖӘКІШЕВА, донатор:

Ақшаны өз еркіммен аудардым

– Қорға қатысым жоқ, бірақ әлеуметтік желі арқылы қордың көмек сұрағанын көріп бір-екі рет қайырымдылық іс ретінде 1 мың теңге салғанмын. Желтоқсан айында үйдің домофонына 2 полиция өкілі хабарласып, бөлімге келу керектігін айтты. «Не үшін? Қандай іске қатысты?» деп сұрап едім, ештеңе түсіндірмеді. Бар болғаны «Барған соң бәрін түсіндіреді» деді. Бірақ алдын ала ескерту қағазын жіберу керек емес пе? «Ешқайда бармаймын. Мені қандай іске күдікті екенімді көрсетіңіз» дедім.

Онымен қоймай, жұмыс уақытында үйге хабарласып, жасы егде тартқан ата-анамды шошытқан. Содан кейін ғана Дина Таңсәріге қатысты екенін білдім. Бірақ ешқандай арыз жазбадым. Себебі, мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ақшаны өзім аудардым.

Евгений ЖОВТИС, заңгер:

Елімізде «асар» деген игі дәстүр бар

Евгений Жовтис
Фото: bureau.kz

– Қандай да бір оқиғаға, мақсатқа орай ақша жинау барлық елдің тәжірибесінде бар. Соңғы жылдары интернет дамыған соң электронды түрде жинау үрдісі енді.

Елімізде «асар» деген игі дәстүр бар. Яғни, халық жұмылып көмектесіп жібереді. «Немолчидің» де бар алғаны осы қайырымдылық көмек. Кез келген адам кімге қайырымды іс жасаймын десе, өзі біледі. Тіпті, кейбіреулер анонимді түрде де бере алады. Егер жұрттан жиналған қаржы сол мақсатқа жұмсалмаса, сонда ғана бұл алаяқтық болып саналады. Тіпті, мешіт, шіркеуге де күн сайын қайырымдылық ақша ағылып жатыр.

Бұл жерде бір мәселе бар. Біздің кімге қанша ақша аударғанымыз туралы ақпарат ашық деген сөз.

Айтбек АМАНГЕЛДІ, марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы:

Салтанаттың өліміне қатысты іске «Немолчи.kz» көмектесті

Айтбек Амангелді
Фото: ғаламтордан

– Салтанаттың ісі жайында бүкіл халық біледі. Осы оқиғадан кейін көбі отбасындағы зорлық-зомбылық туралы ашық айта бастады. Қоғамның асқынып бара жатқан дерті туралы ақпарат құралдары да көп жазып жүр.

Бізге «Немолчи.kz» қорының, оның төрағасы Динаның көмегі көп тиді. Біз ақылдаса келе халықаралық ұйымдарға, Еуропарламентке хат жаздық. Кейбір адамдарға түрлі көмек қажет. Еріктілер желісі қаржылай көмектіскісі келеді. Онда тұрған не бар? 23 мың теңгеге бола іс қозғауды түсінбеймін.

***

Онлайн конференцияға қосылған Қостанай қаласының тұрғыны Саида Сисембаева да қайырымдылық ретінде қаржы салған. Оған да құқық қорғау орындары қызметкері хабарласып, Дина Таңсәрінің үстінен арыз түсіруге үгіттеген. Алайда, ол ешқандай шағым түсірмейтінін айтып, бас тартқан. Осы пікірін айтқан донатор ІІМ-не, Прокуратураның үстінен Е-өтініш арқылы шағым айтатынын жеткізсе, үш баласы туған әкесінен зорлық көрген ата-ана Алмагүл Әмірова бұл істің тамырына «Немолчи» қорының арқасында қан жүгіріп, іс қозғалғанын тілге тиек етті. Алайда, қылмыстық іс қазір тоқтап қалып, енді ата-ана өзін «Немолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Смайыловаға қарсы шағымдануға шақырғанын айтты.