Әлемде әрбір алтыншы бала мектепке бара алмайды – ЮНЕСКО
2024 жылы шамамен 273 миллион бала мен жасөспірім білім алу мүмкіндігінен айырылған әрі бұл көрсеткіш жетінші жыл қатарынан өсіп келеді. Бұған халық санының өсуі, экономикалық дағдарыстар және білім беру саласына бөлінетін қаражаттың қысқаруы себеп болып отыр.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде ЮНЕСКО-ның жаҺандық білім беру жағдайына арналған баяндамасында айтылған.
ЮНЕСКО дерегінше, әлемде мектеп жасындағы әрбір алтыншы баланың білім алуға мүмкіндігі жоқ, ал оқушылардың тек үштен екісі ғана орта мектепті аяқтайды.
Ұйым мәліметінше, қарулы қақтығыстар мен бірқатар дағдарыстар білім саласында қол жеткізілген жетістіктерге кері әсерін тигізген. Мәселен, әрбір алтыншы баланың біреуі қақтығыс болған аймақтарда тұрады. Бұл тағы да статистикада көрсетілмеген миллиондаған баланың мектепте білім ала алмайтынын білдіреді.
Бұл жағдай қазіргі уақытта, әсіресе, Таяу Шығыста өте өзекті болып тұр. Аймақтағы қақтығыс салдарынан көптеген мектеп жабылып, миллиондаған бала білімнен қағылды. Осыдан балалардың оқу үлгерімінің нашарлауы қаупі күшейді.
«Бұл баяндама алаңдатарлық үрдісті растайды: жыл сайын әлем бойынша білім алу мүмкіндігінен айырылатын жастар саны артып келеді. Дегенмен үміт бар. 2000 жылдан бері бастауыш және орта біліммен қамту деңгейі жалпы алғанда 30%-ға артты, әрі көптеген ел елеулі табыстарға жетіп жатыр», – дейді ЮНЕСКО-ның бас директоры Халед Эль-Энани.
ЮНЕСКО жүргізген есеп 2015 жылдан бері балалардың мектепке баруын қамтамасыз етудегі ілгерілеу қарқыны барлық дерлік өңірде баяулағанын көрсетеді. Әсіресе Африка елдерінде бұл үрдіс халық санының өсуіне байланысты қатты байқалады.
Дегенмен, қуантарлығы, кейбір елдерде 2000 жылдан бері мектепке бармайтын балалар саны кемінде 80%-ға қысқарған. Мысалы, балалар арасында – Мадагаскар мен Тогода, жасөспірімдер арасында – Марокко мен Вьетнамда, ал жастар арасында – Грузия мен Түркияда елеулі өзгеріс байқалады. Ал Кот-д’Ивуарда барлық үш жас санат бойынша мектепке бармайтындар саны екі есе азайған.