Әлем ядролық соғыстың табалдырығында тұр

АҚШ ядролық соғысқа тас-түйін дайын. Ресей жойқын қаруға жүгінсе, қарымта қайтаруға әзірлікті бастап та кетті. Осы мақсат үшін «Жолбарыс» атты топ құрыпты.
Вашингтонның пікірінше, Мәскеудің ядролық, биологиялық және химиялық қару қолдануы ғажап емес. АҚШ билігіндегі дерек көздеріне сүйене отырып, бұл туралы The New York Times басылымы жария етіп отыр.
НАТО Ресейге қарсы әскери күш қолдана ма?
Аталмыш топ бірнеше нұсқаны қарастыру үстінде. Оның ішінде, Ресей әскерінің НАТО-ға мүше елдерге басып кіруі, Украинаға әскери көмек әкеле жатқан керуенге шабуылдауы, Грузия және Молдова секілді көрші елдерге де жаугершілік жасауы бар. «Жолбарыс» тобы НАТО-ның Ресейге қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін де егжей-тегжейлі қарастырып отырған сыңайлы.
Сондай-ақ, АҚШ шенеуніктері босқындар легі ағылса, Еуропаға қалай көмек беру мәселесін де талқыға салған.
Батыстың бұл қадамы – әсте өз көлеңкесінен қорқу емес. Мәселен, Владимир Путиннің пәрменімен, Ресей 28 ақпанда стратегиялық тежеу күштерін «ерекше режимге» көшірді. 2014 жылдан бері Кремль ядролық қаруға жүгіну ниеті бар екенін бірнеше мәрте ашық білдірген-ді. Тоқетері, Кариб дағдарысынан бері әлем бірінші рет ядролық соғыстың табалдырығында тұр.
Аласапыранның мүмкін екенін саясаткер Ермұрат Бапи жоққа шығармады.
«Әрине, мүмкін. Бірақ мұның арты алапат апатқа әкеп соғады. Сондықтан бұған жол берілмейді деп ойлаймын. Путин есінен айырылған соң, АҚШ қарсы әрекет қорғанысты күшейтіп жатыр. «Ресей болмаса, әлемнің бізге не керегі бар?» деген сөз ақыл-есі түзу адамның аузынан шықпайды. Қауіп бар. Ядролық қаруды қолдану жер шарындағы тіршілікті жойып жібереді», – дейді Ермұрат Бапи.
Оның пікірінше, ядролық қару – қолыңа алып, ата салатын мылтық емес. Бұйрық бірнеше сатыдан, әскери шендердің қолынан өтуі тиіс. Сондықтан, бұған жол берілмейді деген үміті бар.
Ядролық қауіптің тасасында әлемдік билік бөлінісі жүріп жатыр ма?
Қазір Батыс пен Шығыс «кімнің білегі жуан?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Ядролық тікетірестің тасасында бөліске түсіп жатқан әлемдік билік тұр. Саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев осындай пікірде.
«Бірақ олар ядролық соғысқа бармайды. Бірін-бірі қорқытып-үркітуден аспайды. Батыстың санкцияларына Ресей де қарымта санкция салып жатыр. Әлем елдері бір-біріне өзара тәуелді. Ресей газды енді тек рубльмен сатпақ. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа қарағанда, Еуропа елдері үшін Ресеймен ат-құйрығын кесісу ауыр болады. Мәселе әлі толық шешілген жоқ», – дейді сарапшы.
Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, қазір үлкен күрес, үлкен тартыс жүріп жатыр. Еуропаның ұстанымы АҚШ-тың ұстанымынан өзгешелеу. Бір жағында Ресей тұр. Ал оның артында Қытай бар.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік тәртіп өзгерді. Енді әлем қайта өзгеріп, жаңа әлемдік архитектура, жаңа қарым-қатынас орнайды. Бұрын әлемде бір ғана күшті ел болса, енді кемінде екі орталық пайда болады», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Десе де, 24 ақпан осы алапат өзгерістің басы болғалы тұр. Тараптар «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп, тәуекелге барып отыр. Батыс пен Шығыс арасында жарияланбаған «Оғаш соғыстың» лебі еседі. Мұның немен тынары ғайыптың еншісінде. Бір анығы, Қазақстан дүниедегі дүрбелеңнен тысқары қала алмайды. Ерікті-еріксіз, қайта жабылған «темір шымылдықтың» шығыс бөлігінде қалып отыр.
Қазақстан ядролық қаруынан қалай айырылып қалды?
Ядролық қаруы бар, зайырлы, демократиялық Қазақстанды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл құр қиял емес, бір кездері солай болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Алпауыт мемлекеттер ақыры Украина мен Қазақстанды жойқын қарудан бас тартуға көндірді. Еліміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне АҚШ, Ресей мен Қытай кепілдік берді.
Коллаж: ғаламтордан
Бұл кепілдіктің қалай орындалып жатқанын Украинағы «арнайы операция» өте жақсы мысал бола алады. Болашақты дәл болжап, сол кезде бұл мәмілеге үзілді-кесілді қарсы болған қазақ дипломаттары да болды. Соның бірі – Михаил Иванұлы Есенәлиев.
«Берілген кепілдіктер құжатқа қол қоюшылардың ұлттық мүддесіне сәйкес келгенге дейін ғана жарамды. Өкінішке қарай, мүдделер өте құбылмалы», – деп баға берген еді қайраткер.
Баланы алдап, қолындағы ойыншығын алып қою үшін оның орнына кәмпит немесе балмұздақ ұстатуы керек емес пе? Қазақстан ойыншығын «өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан бейбітсүйгіш ел» деген құр мақтау сөзге ғана айырбастап жібергендей. Сол кезде «Саудаласу керек!» деген сөзді айтқан жалғыз дипломат Михаил Есенәлиев еді. Ол алдымызда экстремистік, деструктивті режимдердің күш алса, ядролық қарусыз тәуелсіздікке қатер төндіруі ықтимал екенін де сан мәрте айтқан болатын.
Ермұрат Бапидің пікірінше, Қазақстанның ядролық қарудан оңай бас тартуына мамандардың жоқтығы тікелей себеп болған.
«Сондықтан ол қаруларды күтіп ұстау, игеру қиындық тудырды. Кеңес өкіметі басқа ұлттарды ядролық қаруды игеруге жол бермеді. Мәселен, Семей полигонында қазақ азаматтар мүлде болмады», – дейді Ермұрат Бапи.