Әлем жасанды интеллектіні қалай реттеп жатыр?
Жасанды интеллектіні реттеудің әлемге ортақ үлгісі әзірге жоқ. Әр мемлекет технологияның ықтимал қаупін, алгоритмдердің жауапкершілігін және қолданушы құқықтарын әртүрлі тәсілмен реттейді. Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай және Қазақстанның тәжірибесін салыстырып, бұл ережелердің қарапайым қолданушыға қалай әсер ететінін саралап көрдік.
Астана, NEGE. Еуропалық одақ технологияны адамға төндіретін қаупіне қарай жіктейді. АҚШ негізінен қолданыстағы салалық заңдарға, штаттардың ережелеріне және ерікті стандарттарға сүйенеді. Қытай алгоритмдердің жұмысын, платформалардың жауапкершілігін және жасанды контентті таратуды тікелей реттейді. Қазақстан арнайы заң қабылдап, тәуекел деңгейлерін, тыйым салынған функцияларды және қолданушының құқықтарын белгіледі.
Қарапайым қолданушы үшін бұл айырмашылықтар жұмысқа орналасқанда, несие алғанда, әлеуметтік желідегі ұсыныстарды көргенде немесе жасанды интеллект жасаған материалға тап болғанда және одан зардап шеккенде байқалады.
Еуропалық одақ: қауіп жоғарылаған сайын талап күшейеді
Еуропалық одақ 2024 жылы жасанды интеллектіні кешенді реттейтін AI Act регламентін қабылдады. Ол белгілі бір бағдарламаға немесе технологияға түгел тыйым салмайды. Жүйеге қойылатын талап оның қандай мақсатта қолданылатынына және адам құқықтарына, денсаулығына немесе қауіпсіздігіне қаншалықты ықпал ететініне байланысты.
Еуропалық комиссия AI жүйелерін төрт негізгі санатқа бөледі:
- тыйым салынған жүйелер;
- жоғары тәуекелді жүйелер;
- арнайы ашықтық талаптары қолданылатын жүйелер;
- тәуекелі төмен немесе минималды жүйелер.
ЕО-да адамды байқатпай манипуляциялау, оның осал жағдайын пайдалану, интернеттен немесе бейнебақылау камераларынан бет-бейне суреттерін мақсатсыз жаппай жинау секілді тәжірибелерге тыйым салынған. Жұмыс орындары мен білім беру ұйымдарында адамның эмоциясын анықтайтын жүйелерді қолдануға да шектеу қойылған. Бұл тыйымдардың негізгі бөлігі 2025 жылғы 2 ақпаннан бастап қолданылады.
2026 жылғы 2 тамыздан бастап ЕО-дағы интерактивті жүйелер адамға оның жасанды интеллектімен сөйлесіп отырғанын хабарлауға тиіс. AI жасаған немесе өзгерткен сурет, аудио, видео мен мәтін машина оқи алатын техникалық белгімен таңбалануы керек. Deepfake материалдарына және қоғамдық маңызы бар мәселелер туралы редакциялық тексерусіз жарияланған жасанды мәтіндерге көрінетін ескерту қойылады.
Еуропалық тәсілдің негізгі қағидасы қарапайым: жасанды интеллект адам өміріне неғұрлым көп ықпал етсе, оны әзірлеген және қолданған ұйымға қойылатын талап соғұрлым қатаң болады.

АҚШ: бірыңғай заңның орнына салалар мен штаттардың ережелері
2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша АҚШ-та Еуропаның AI Act құжатына ұқсайтын, жеке сектордағы барлық AI жүйелеріне бірдей қолданылатын кешенді федералдық заң қабылданған жоқ. АҚШ Конгресінің зерттеу қызметі федералдық деңгейде негізінен жекелеген салалар мен нақты проблемаларға арналған нормалар қабылданғанын көрсетеді.
АҚШ-та кемсітуге жол бермеу, тұтынушыларды қорғау, жеке деректер, медицина, қаржы, еңбек және авторлық құқық туралы қолданыстағы заңдар AI қолданылған жағдайларға да пайдаланылуы мүмкін. Сонымен бірге нақты қауіптерге арналған жекелеген міндетті заңдар да қабылданып жатыр. Мысалы, 2025 жылы күшіне енген TAKE IT DOWN Act адамның келісімінсіз жарияланған шынайы немесе жасанды интимдік бейнелерді таратуға тыйым салады. Заң интернет-платформаларға жәбірленушінің өтінішінен кейін мұндай материалды алып тастау міндетін жүктейді.
Қазіргі АҚШ әкімшілігінің саясаты инновацияға қойылатын кедергілерді азайтуға және америкалық AI компанияларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. 2025 жылғы қаңтардағы президент жарлығы мемлекеттік органдарға AI дамуына кедергі келтіретін бұрынғы талаптарды қайта қарауды тапсырды.
Қытай: алгоритм мен контентті қатар бақылау
Қытайда 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап AI жасаған мәтін, сурет, аудио, видео және виртуалды көріністерді таңбалау тәртібі қолданылады. Құжат көрінетін ескерту мен файлдың метадеректеріне енгізілетін жасырын техникалық белгіні қарастырады.
Контентті жариялаған қолданушы оның AI арқылы жасалғанын көрсетуге тиіс. Белгіні қасақана өшіруге, өзгертуге, жасыруға немесе қолдан жасауға тыйым салынады. Платформалар файлдың метадеректерін тексеріп, материалдың AI жасаған контент екенін қолданушыға көрінетін түрде көрсетуі керек.
Қызмет көрсетушілер социалистік негізгі құндылықтарды сақтауға, мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіретін, терроризмді, экстремизмді, зорлық-зомбылықты және заңсыз ақпаратты насихаттайтын контент жасамауға тиіс. Олар зияткерлік меншік пен жеке деректерді қорғауға, кемсітетін нәтижелердің алдын алуға және жасалған ақпараттың дәлдігі мен сенімділігін жақсартуға міндетті.

Ал Қазақстанда қалай?
Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заңға 2025 жылғы 17 қарашада қол қойылды. Заңның негізгі қағидаттарына заңдылық, әділдік пен теңдік, ашықтық пен түсініктілік, жауапкершілік пен бақылау, адамның әл-ауқаты мен шешім қабылдау еркінің басымдығы, деректер мен құпиялылықты қорғау және қауіпсіздік кіреді.
AI жүйелерін қауіп деңгейіне қарай үш санатқа бөледі:
- минималды тәуекел;
- орташа тәуекел;
- жоғары тәуекел.
Жүйенің бұзылуы немесе тоқтауы адамның өміріне, инфрақұрылымға, экономикаға, қоғамдық немесе мемлекеттік қауіпсіздікке елеулі салдар келтіруі мүмкін болса, ол жоғары тәуекелді жүйеге жатқызылуы мүмкін. Жүйенің тәуекел деңгейін оның меншік иесі немесе иегері тиісті жіктеу қағидалары бойынша анықтайды.
Заң AI жүйелерін шешім қабылдаудағы дербестік дәрежесіне қарай да бөледі. Төмен автономды жүйе тек ұсыныс береді, соңғы шешімді адам қабылдайды. Орташа автономды жүйенің шешімін адам өзгерте немесе жоя алады. Жоғары автономды жүйенің шешімін адамның түзетуі немесе жоюы мүмкін емес не техникалық жағынан шектелген.
Қазақстанда қандай AI функцияларына тыйым салынған?
Қазақстанда адамның мінез-құлқын бұрмалап, саналы шешім қабылдау қабілетін шектейтін манипуляциялық әдістерді қолданатын жүйелерге тыйым салынады. Сондай-ақ адамды биометриялық деректері арқылы кемсіту мақсатында жіктейтін және заңда көзделген жағдайлардан басқа кезде оның эмоциясын келісімінсіз анықтайтын жүйелерді жасауға және пайдалануға болмайды.
-
Тақырыпқа орай: Мұсылмандарға дипфейк жасауға бола ма?
AI жүйесінің меншік иесі немесе иегері ықтимал тәуекелдерді басқаруға, жүйенің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге, қажетті құжаттаманы жүргізуге және пайдаланушыларға техникалық қолдау көрсетуге міндетті.
Қарапайым қолданушыға қандай құқықтар берілген?
Пайдаланушы AI жүйесінің жемісі оның құқықтарына, бостандықтарына немесе заңды мүдделеріне әсер етсе, жүйенің меншік иесінен немесе иегерінен түсіндірме сұрата алады. Сондай-ақ шешім қабылдау үшін қандай деректер пайдаланылғаны туралы ақпарат сұрауға құқылы. Бірақ берілетін ақпарат көлемі пайдаланушы келісіміне, дербес деректерді қорғау талаптарына, құпия ақпарат пен коммерциялық құпияға байланысты болады.
Адамға қатысты шешім автоматтандырылған тәсілмен қабылданса, оған деректерді өңдеу тәртібі, оның ықтимал салдары, қарсылық білдіру мүмкіндігі және өз құқығын қорғау жолдары туралы ақпарат берілуге тиіс. Міндетті өзара іс-қимыл заңда белгіленбесе, қолданушы AI жүйесімен жұмыс істеуден бас тарта алады.
Пайдаланушыға тауардың, жұмыстың немесе қызметтің жасанды интеллект арқылы өндірілгені не көрсетілгені хабарлануға тиіс. Адамның келбетін, дауысын немесе мінез-құлқын имитациялайтын, сондай-ақ іс жүзінде болмаған оқиғаны көрсететін синтетикалық сурет, видео, аудио немесе мәтін машина оқитын нысанда таңбаланып, көрінетін немесе естілетін ескертумен бірге таратылуы керек.
AI жүйесі келтірген зиян Қазақстанның Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен өтеледі. Жүйеге қатысты жауапкершілікті сақтандыру мәселесі де Қазақстан заңдарына сәйкес реттеледі.