Алексей Цойдың қызметінен босатылу себебі белгілі болды
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз қалауымен қызметтен кетті.
Алматы, NEGE. "Басқа қызметке ауысуына байланысты өз қалауымен жұмыстан кетті", – деді министрліктің баспасөз қызметі.
Алайда бұрынғы министрдің қандай қызметке ауысқаны және оның мемлекеттік қызметті қалу-қалмауы айтылмады.
Бүгін мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Өз отставкасы туралы министр Facebook парақшасында пікір білдірді.
"Бүгін менің азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімім қолдау тапты", – деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол мемлекет басшысы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырғанын айтты.
"Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерге қарсы тұру шараларын қабылдадық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем көлігі паркі, жасанды тыныс алу аппараттары, ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнім шығару бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді, дәрілер мен медициналық бұйымдардың қажетті қоры жасақталды, СЭС пен зертхана қызметінің әлеуеті артты, QazVac вакцинасы шығарылды", – деп шолу жасады Цой атқарылған жұмыстарға.
"Аз уақыт ішінде денсаулық сақтау саласы нығайды, біз жүйелі түрде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтердік, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті медициналық қызметін денсаулық сақтау министрлігіне өткізу туралы және басқа да көптеген заң жобасын әзірледік", – деді ол.
Сондай-ақ Цой "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы бекітілгенін, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның басқа да агенттігімен өнімді әріптестік жолға қойылғанын айтып өтті.
"Ел басшылығына, президент әкімшілігіне, премьер-министрге, үкіметтегі әріптестеріме, денсаулық сақтау министрлігіне, барлық жергілікті атқарушы органдарға, азаматтық секторға, БАҚ-қа, еріктілерге, үкіметтік емес ұйымдарға және қымбатты медицина қызметкерлеріне сенім білдіргені және Қазақстан халқының игілігі үшін бірлесіп атқарған орасан зор жұмысы үшін алғысымды білдіремін", - деп жазды Цой.
"Жақын арада еңбек жолының жаңа векторын анықтаймыз. Алда жаңа жобалар күтіп тұр", – деп түйіндеді Алексей Цой.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға белсенді жұмыс істегені, әсіресе Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.
Қазір оқып жатыр
Жамбыл облысында дәрігер қателегінен жүкті әйел баласынан айырылып, мүгедек болып қалған
Сыра және көлік ақауы: Александр Пак сотта әл-Фарабидегі апатқа қатысты өз нұсқасын айтты
Тоқаев АҚШ пен Иран арасындағы келісімді құптады
Дүниежүзілік банк Қазақстанды жасанды интеллект саласында негізгі серіктесі болуға шақырды