Алаяқтар 36 млн теңгені Нұрбанк арқылы өткізген: сот ақшаны жәбірленушіден өндірмек
Алаяқтар Зухра Валиеваның атына Нұрбанкте шот ашып, алты күнде банк арқылы 35,9 млн теңге өткізген. Қаржы реттеушісі банк талаптарды бұзғанын анықтағанымен, сот 3,2 млн теңгені әйелдің өзінен өндіріп алуға шешім шығарды. Оқиғаның мән-жайын Centralmedia24 тілшілері анықтады.
Астана, NEGE. Зухра Валиеваның айтуынша, ол Нұрбанктің клиенті болмаған. Алайда 17 маусым күні оған белгісіз ер адам хабарласып, шотына түскен 190 мың теңгені қайтаруды талап етеді. Кейін әйел өз атына банк шоттары ашылып, олар арқылы миллиондаған теңге өткізілгенін білген.
Валиеваның айтуынша, ол бірден банкке хабарласып, шоттарды бұғаттауды сұраған. Кейін Түркістандағы бөлімшеге барып, шоттардың көшірмесін алған. Құжаттардан 11–17 маусым аралығында оның атына ашылған шоттар арқылы 35 930 796 теңге өткенін анықтаған.
Қаржы реттеушісі банк ережелерді бұзғанын анықтады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген тексеру кезінде клиентті сәйкестендіру талаптарының бұзылғаны анықталды. Ведомствоның мәліметінше, биометриялық тексеру әйелдің нақты қатысуынсыз және оның келісімінсіз жүргізілген. Мобильді қосымшаға тіркелу және SMS-хабарламалар алу үшін бөгде телефон нөмірі пайдаланылған.
Ал Нұрбанк өз кезегінде ішкі тексеру жүргізіп, бірнеше қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартты. Тексеру материалдары Алматы қаласының полиция департаментіне жіберілген. Алайда банк қызметкерлерінің нақты қандай заңбұзушылықтарға жол бергені және қандай жаза алғаны жарияланған жоқ.
Сот жәбірленушіден өндірмек
Алаяқтардың тағы бір құрбаны – «ТЭК Транс» компаниясы. Алаяқтар Telegram арқылы өздерін компанияның құрылтайшысы ретінде таныстырып, директорды 11,2 млн теңгені үш банк шотына аударуға көндірген. Қаражаттың 3,2 млн теңгесі Зухра Валиеваның атына ашылған Нұрбанк шотына түседі.
Компания Валиевадан 3,2 млн теңгені қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінді. 29 қыркүйекте Алатау қаласының соты талапты қанағаттандырып, Валиевадан 3,2 млн теңге және 96 мың теңге мемлекеттік баж өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Валиева сот шешіміне шағымдануға ниетті.
«Мен бұл ақшаны алуға да, жұмсауға да, аударуға да қатысқан жоқпын. Неліктен біреулер менің жеке деректерімді пайдаланып, банк жүйесінқ алдағаны үшін мен жауап беруім керек?» – дейді Зухра Валиева.
Қазір әйел өзге де осындай жағдайға тап болған адамдарды іздеп жүр.
Нұрбанк оқиғаға қатысты материалдардың полицияға жіберілгенін хабарлады.