7 Тамыз 15:05
...

«Алатау» театры Авиньон фестивалінде өнер көрсетті

Т
Фото: "Алатау" театрының баспасөз бөлімі

«Алатау» дәстүрлі өнер театры Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасының қолдауымен Steppes Rhapsody қойылымын «Авиньон OFF» фестивалінде сахналап, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді Еуропа сахнасында жаңғыртты.

«Авиньон OFF» фестивалі әр елдің өнерін үйлестіре отырып, ұлттар арасындағы құрметті нығайтуға бағытталған. Ал Steppes Rhapsody қойылымы фестивальдың форматына сәйкес қазақ халқының тарихын сөйлетті. Қойылымның алғашқы сәтіндегі «Шаман биі» мен «Ақсақ құлан» күйінің әуендері көрерменді бірден елітіп әкетті десек болар. Домбыраның күмбірі мен қобыздың сарыны үйлесім тапқаны сол, тыңдарман үздіксіз қол шапалақтап, өнерпаздарымызды ерекше құрметке бөледі.

Т
"Алатау" театрының баспасөз орталығы

«Аққу» биі табиғаттың әсемдігін көрсету арқылы көрерменді қазақ жерінің кең даласына алып барса, айбалтамен орындалған «Балбырауын» биі еркіндік пен батырлықтың бейнесін берді. Сахнадағы әртістердің әрбір қозғалысы қазақ халқының күрескерлігі мен батырлығын айшықтай түсті. Осы ретте Ұлжан Ағлақова мен Диас Мұратханның құйқылжыта әнге салып, тыңдарман жүрегінен тебіренткенін айтып өтпеуге де болмас.

Т
"Алатау" театрының баспасөз бөлімі

«Бұл фестиваль — шығармашылық кездесулер мен кәсіби тәжірбие алмасу алаңы саналады. Бүгінгі ұсынылған тамаша қойылым болашақта өтетін көптеген фестивальдерде қазақтың өнерін көруге ынта танытатын көрермен санын арттыра түседі деп үміттемін. Біз халықаралық диалог аясында жұмыс істеп, өзара түсіністік пен байланысты нығайту үшін осындай шынайы кездесулерді қажет деп ойлаймыз», – деді фестивальдің тең президенті Давид Арольд.

Осылайша ұлттық аспаптардың үнін үйлестіре білген Режиссер Әділет Таменовтің шеберлігі ұлттық өнерімізді шетел сахнасында әйгілетіп қайтты.

Инара Аубакирова