USD
USD
USD

Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды

Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимарат – Iconic Complex көпфункционалды кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.

Алатау қаласы
Фото: Gov

Астана, NEGE. Жаңа кешен – Алатау қаласында қалыптасып жатқан іскерлік орталықтың негізгі нысандарының бірі. Инвестиция көлемі 800 млн АҚШ долларынан асатын жоба аясында биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара салынады. Мұнда кеңселер, тұрғын үй, қонақүй, сауда орындары мен қоғамдық кеңістіктер орналасады.

Салтанатты рәсімде Қанат Бозымбаев Алатау қаласының дамуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен қалада инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған арнайы құқықтық режим кезең-кезеңімен енгізіледі.

Алатау қаласы
Gov

Қабылданып жатқан шаралар инвестициялық белсенділіктің артуына да ықпал етіп жатыр. 2026 жылдың тоғыз айында Алатау қаласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1,6 есеге өсіп, 70,3 млрд теңгеге жетті. Жалпы қаланың инвестициялық портфелінде құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.

Инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар қаланың инфрақұрылымы да жетіліп келеді. Қазіргі уақытта резервтен 35,3 млрд теңге бөлінген 28 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Көкпа-1» қосалқы станциясы қайта жаңғыртылып, сумен жабдықтау нысандары салынып, автомобиль жолдары жөнделуде. Бұл жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және құрылыс жұмыстарын одан әрі жүргізуге қажетті жағдай жасайды.

Алатау қаласы
Gov

Вице-премьер Iconic Complex кешенінің құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Ол белгіленген мерзімдерді, сейсмикалық қауіпсіздік пен энергия тиімділігі талаптарын қатаң сақтау, сондай-ақ қазақстандық компаниялар мен мамандарды тарту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар арнайы құқықтық режим аясында халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жобалау құжаттамасына тәуелсіз техникалық сараптама жүргізу тетігі енгізілді. Бұл күрделі құрылыс жобаларын бағалау кезінде озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді.

«Iconic Complex жобалау мен құрылыс сапасының жаңа стандартын қалыптастырып, Алатаудың заманауи қала ретінде дамуына үлес қосады деп сенеміз. Жоба белгіленген мерзімде, сапа мен қауіпсіздіктің жоғары талаптарын сақтай отырып іске асырылуы тиіс», — деді Қанат Бозымбаев.

Iconic Complex жобасының бас мердігері – China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы. Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірледі. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қазір оқып жатыр

Түркияда қазақстандық әйел алтыншы қабаттан құлап көз жұмды

DHA

Уразбахтин «Қайрат» клубының бас бапкерлігінен кетті

Футбольный клуб «Кайрат»

Мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлау шығыны бекітілді

Құрылтай сайлауы

Полициядан қашқан жүргізуші автобуспен соқтығысып, қаза тапты

Қостанай ПД