Алаштың Алтынбегі

Бүгін – Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист Алтынбек Сәрсенбайұлы саяси жүйенің қастандығынан қаза тапқан күн.
Осы күнге орай Алматыда Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында А.Сәрсенбайұлы туралы «Уақытында айтылған шындық» кітабын талқылауға арналған оқырмандар конференциясы өтті. Конференцияға мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер, студенттер қатысты.
Жазушы Марат Байділдаұлы А.Сәрсенбайұлының саяси күрес жолына тоқталып, Алтынбек аңсаған азаттыққа, бостандыққа, демократиялық қоғамға тезірек жету үшін жастар білімді болуы керек екенін атап өті.
Ақын, Алаш халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Батық Мәжитұлы А.Сәрсенбайұлының тұлғасын Махамбет Өтемісұлымен шендестірді. Сондай-ақ Б.Мәжитұлы саясаткердің сұхбаттары мен мақалаларында айтылған ойдың астарына үңілуді сұрады.
Ал журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы Алтынбектің демократия жолындағы саяси күресі ешқашан тоқтамайтынын айта келе, саяси қастандыққа қатысты қылмыстық іс әлі толық ашылмағанын, істі қайта қаратуға қоғам болып ықпал етуіміз керек екенін айтты.
Белгілі журналист Сансызбай Өкенұлы А.Сәрсенбайұлының саяси мұрасына тоқталып, алдағы уақытта ірі конференциялар өтетініне сенім білдірді.
Студенттер А.Сәрсенбайұлы туралы сұрақтар қойып, қонақтардан Алаштың Алтынбегі туралы тұшымды жауап алды.