Алашты ұлықтаған жапон ғалымы – Әлихан Университетінде
26 қыркүйек күні Әлихан Бөкейхан Университетінде «Алаштану» ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Жапон елінің ғалымы, Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры, алаштанушы Томохико Уямамен кездесу өтті.
Томохико Уяма – ұзақ жылдар бойы Алаш қайраткерлерінің тарихын зерттеумен айналысып жүрген тарихшы ғалым. Қазақстанға кезекті ғылыми сапары аясында Семей қаласына ат басын бұрып, Бөкейхан Университеті басшылығының шақыруымен, оқу орны ғалымдары мен білім алушыларымен жүздесуді жөн көрген.
Университеттің бас ғимаратында өткен кездесуге университет басшылығы, профессор оқытушылар құрамы мен білім алушылары – докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Сонымен қатар жапон ғалымымен жүздесуге қаланың зиялы қауым өкілдері – ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, Алаш қозғалысы мүшелерінің ұрпақтары келді.

Кездесу барысында Томохико Уяма өзінің Алаш қайраткерлерінің қызметін зерттеу жұмысы туралы, Жапон елінің архивтеріндегі Алашора үкіметіне қатысты құжаттар жайында, Алаш қайраткерлерінің жапон үкіметімен арадағы қарым-қатынастары туралы баяндады. Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлерінің қызметіне қатысты жапон архивтерінен табылған құжаттардың мазмұны, Алашорда үкіметінің тарихын зерделеудің маңызы туралы танымды да қызықты әңгіме өрбітті.
Әсіресе Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген жоғары білімді заңгер, Семей географиялық қоғамы бөлімшесінің белсенді мүшесі, Семей округтік соты мен Омбының сот палатасында қызмет еткен қайраткер, Семей облыстық земство басқармасының төрағасы болған Райымжан Мәрсековтің Жапон үкіметіне жазған хаттары туралы тың мәліметтермен бөлісті.

Кездесуге қатысқан Райымжан Мәрсековтің ұрпақтары – інісі Шериязданның жиен-немересі Кәкімжан Қойгелдин, қызы Гүлхасылдан туатын жиен-немересі Сара Қайырбекова, осы Гүлхасылдан туатын Мараттың ұлы, яғни шөбере-жиеншары Эльдар Қайырбековтер ғалымға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Ал Алаш қозғалысының жетекшісі, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін иеленген университет басшылығы, өз кезегінде, оқу орны Ғылыми кеңесінің шешімімен, алаштану ғылымына қосқан өлшеусіз үлесі мен жапон-қызық ғылыми қатынастарын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Томохико Уямаға университеттің құрметті профессоры атағын берді.
Университет ректоры Шырын Құрманбаева ғалымға құрметті профессор дипломы және мантиясымен бірге қоладан құйылған Әлихан Бөкейхан мүсінін тарту етті.
Алдағы уақытта Бөкейхан Университеті Томохико Уяманың студеттер мен қалың көпшілікке арналған ашық дәрістерін онлайн және оффлайн режимде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.