«АЛАПАТ өрт АХМЕТОВТІҢ де аяғын шалуы мүмкін...»

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ былтыр отставкаға кетуі керек еді. Президент оның өкілеттігін бір жылға ұзартты. Бір жыл да өте шықты, Ахметовтің өкілеттігі осы аптамен аяқталады.
Жалпы Д.Ахметовке қатысты гу-гу әңгіме көп. Сарапшылар «Ахметовтің өкілеттігін тағы соза ма, әлде отставкаға кете ме?» деген сұрақтың жауабын таба алар емес. Алтай КӨЛГІНОВТІҢ жуырда вице-премьерліктен кетуі де біраз әңгімеге арқау болды. Осыдан кейін «Шығысқа Көлгінов барады екен» деген әңгіменің құлағы қылтиды. Алайда бұл болжамға күмән келтіретіндер аз емес.
ШҚО әкімдігінің ғимараты. Фото: Factum.kz
Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан ЖЕЛДІБАЙ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкілеттігіне қатысты пікір білдіріпті.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен өткен жылы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің өкілеттігі 2023 жылдың 15 маусымына дейін созған», – деп хабарлады Р.Желдібай.
Яғни Ахметовтің өкілеттігі осы жұмада – 15 маусым күні 69 жасқа толған туған күнінде аяқталады.
Білетіндердің айтуынша, Мемлекет басшысы Д.Ахметовтің өкілеттігін бұдан әрі созбайды. Өйткені 2014 жылдан бастап күні кешеге дейін Д.Ахметов қазіргі Абай облысына да жауапты болып келді. Өртті ауыздықтауға кесірін тигізген кемшіліктердің көбі Ахметов әкім боп тұрған кезде жіберілген болуы мүмкін.
Президенттен сөгіс алған Н.Ұранхаев.
«Президент Тоқаев Абай облысының әкімі Ұранхаевты қызметінен алған жоқ. «Тағайындалғанына көп болмағанын ескеріп», сөгіспен шектелді. Ал Ұранхаевқа дейін аймақты кім басқарды? Әрине, Даниал Ахметов. Президент осыны меңзеген сияқты. Менің ойымша, Абай облысындағы алапат өрт Ахметовтің де аяғын шалуы мүмкін...», – дейді жағдайдан хабардар тұрақты оқырманымыз.
Байқасаңыз, соңғы күндері Ахметов өте ашулы. Алдына келгенді «тістеп», артына келгенді «теуіп» ешкімді шыдатар емес. Бұған әріптесіміз Асхат Ниязов куә. Соған қарағанда, туған күнінде «тосын сый» күтіп тұрғанын Даниал Кенжетайұлының өзі де сезетін болса керек...