Әл-Фарабидегі жол апаты: үшінші жәбірленуші тарап та Александр Пакқа кешірім берді
8 маусымда Алматының ауданаралық қылмыстық сотында әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот отырысы жалғасын тапты.
Астана, NEGE. Бүгін өткен сот отырысында жол апатында қаза болған 21 жастағы Томирис Қадырбектің анасы Арайлым Есенбаева сөз алып, айыпталушы – Zeekr жүргізушісі Александр Пакты кешіргенін, оған ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 21 наурыз күні таңертең қызының қайтыс болғаны туралы хабар алғаннан кейін мәйітті тану үшін мәйітханаға барған.
«Мен Томирис Қадырбектің анасымын. Сотталушыға ешқандай талабым жоқ. Барлығы заң аясында болсын, сот қалай ұйғарса, солай болсын», – деді жәбірленуші.
Пактың қорғаушылары татуласу туралы өтініш бар екенін хабарлады. Есенбаева мұны растады.
Есенбаеваның сөзінше, сотталушы өз кінәсін шын жүректен мойындап, өкініш білдірген және моральдық әрі материалдық шығынды толық өтеген.
1 маусымда өткен сот отырысында қалған екі жәбірленуші тарап та сотталушыға ешқандай талап қоймайтынын мәлімдеген болатын.
Еске салсақ, жантүршігерлік жол апаты биыл 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болды. Zeekr көлігі мен Mercedes көлігі соқтығысып, салдарынан екі жолаушы қыз бен Mercedes-тің жүргізушісі қаза болды.
Айыпталушы – Zeekr жүргізушісі Александр Пак сотта өзіне тағылған айыптар бойынша кінәсін толық мойындап, марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады. Ол Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша: «Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқару қағидаларын бұзу» бойынша айыпталып отыр.